Кибербуллингпен күрес жүргізетін арнайы платформа пайда болды. Атыраудың IT мамандары бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін онлайн жүйе ойлап тапты, деп хабалайды Almaty.tv.
Ол гаджет пен ғаламторға тәуелді болғандардың проблемасын шешуге бағытталған. Өйткені бүгінде ел бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылық, кемсіту, әлімжеттік, ересектер тарапынан көрсетілетін қысым фактісі артқан.
– Кибербулингпен, жағымсыз контентпен күресетін арнайы әлеуметтік желі. Бұл – Қазақстанда шығып жатқан, инновациялық проблеманы шешетін әлеуметтік технология деп айтуға болады. Қазіргі кезде әрбір үшінші бала кибербулинпен, жарамсыз контентпен кездеседі. Кибербулинг, жарамсыз контент бала психикасына әсер етеді, суицид сынды жағдай болады. Сол мәселенің алдын алу үшін қауіпсіз онлайн платформа жасадық, – деді ІТ маманы Рахат Бекжанұлы.
Жаңа әзірленген онлайн платформа арқылы оқушылар психологтармен анонимді түрде диалог жүргізе алады. Кез келген сұрағына жауап алуына да мүмкіндік бар. Білім бөліміндегілер тиімді жобаны толығымен зерттеп, білім беру ұйымдарында қолдануды көздеп отыр.
– Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігіне аса назар аударамыз. Соңғы жылдары кәмелетке толмаған балалар арасында булинг деген түсінік қалыптасты. Бұл – балаларға басқа тұлғалар тарапынан көрсетілетін зорлық-зомбылықтың бір түрі. Осы бағытта білім беру ұйымдары тәрбие процесіне аса назар аударып, осындай жағдайдың алдын алуға жұмыс істейміз, – деді Атырау қалалық Білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Оқи отырыңыз: Жол үстіндегі бетон: күре жолға кедергі қойған кімдер