Астанада апатты жағдайда деп танылған мектептің мәселесі қашан шешіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Қазір бүтіндей бір мектеп жабылып қалып, оқушылар қаланың әр бұрышында орналасқан білім мекемелеріне қатынап оқуға мәжбүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада бүтіндей бір мектеп жабылып қалып, оқушылар қаланың әр бұрышында орналасқан білім мекемелеріне қатынап оқуға мәжбүр. Алтын ұяларына айналған №15 мектеп-лицейі апатты деп танылыпты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Енді ондағы 1 жарым мыңнан аса бала жан-жаққа тарап кетті. Ата-аналар қауымы басшылықтың аяқасты шешімі төбемізден жәй түсіргендей болды деп ашулы. Себебі алысқа қатынап оқудың машақаты көп дейді.  

Баласы кешікпей келем дейді, ата-ана сонда да елеңдейді. Бұл тұрғындардың осылай жол тосып жүргендеріне 2 аптадан асыпты. Таңертең және кешке ескі мектеп маңында тасымал көлігін сағат санап күтеді. Өйтпеске амал жоқ. Бұрынғыша үйдің іргесіндегі оқу ордасына балаларын алаңсыз жібере сала алмайды. Автобусқа дейін өздері әкеліп, кешқұрым алып қайтады.

«1 жарым жыл ішінде мектепті жасап береміз деген. Балаларымыздың қауіпсіздігі үшін арнайы автобус берілді. Оқу жылының аяқталуына 3 ай қалды», – деді қала тұрғыны  Әсем Мұқанова.

Оқу ордасының 1500-ден аса баласы қазір екі жақта білім алып жүр. Бастауыш сынып оқушыларын №56 мектеп-лицейі қонақ қылыпты. 638 оқушы қос ауысыммен сол жақтан қатынап оқиды. Ал жоғары сынып мамандандырылған «Зерде» мектебінің ғимаратына жіберілген. Басшылық білім алуға еш кедергі жоқ, барлық жағдай жасалды деп сендіргенімен, ата-аналарды мұндай жағдайдың қашанға дейін жалғасатыны мазалайды.

«Оқушыларды тасымалдайтын автобус бар. Оларды №56 мектеп-лицейіне түстен кейін апарып, кейін алып қайтамыз», – деді №15 мектеп-лицейі директорының меңгерушісі Мәрияш Қалиулина.

Апатты деп танылған бұл мектеп сонау 60 жылдары салыныпты. Күрделі жөндеудің өзі соңғы рет 13 жыл бұрын жүргізілген. Қабырғалары жарылып, көктемде су кіріп, әбден әбігерге салатын деп еске алды директор. Енді ескінің орнына жаңа нысанның қашан салынары белгісіз. Білім басқармасы 900 орынға лайықталған оқу ордасына өтінім берілді деп жауап қатты. Әзірге жоспар қағаз жүзінде. 1500 балаға тағы бірнеше тоқсан осылай қатынап жүруге тура келетін сыңайлы.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Күйеуін өлтіріп, денесін өзенге ағызып жіберген әйелге сот үкімі шықты

Новости партнеров