Күйеуін өлтіріп, денесін өзенге ағызып жіберген әйелге сот үкімі шықты

Unsplash
Unsplash

Жұбайы оның әлеуметтік желіге видео салуына шектеу қойған екен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістанда күйеуін қатыгездікпен өлтірген әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Адам өлтіру және алаяқтық бабы бойынша жауапқа тартылған тұлға 15 жылға сотталды. Ресми мәліметке сүйенсек, жұбайы оның әлеуметтік желіге видео салуына шектеу қойыпты. Содан туған жанжалдың соңы адам өліміне әкелген.

Көз жасына ерік берген бұл келіншек 14 жыл некелескен күйеуін аса қатыгездікпен өлтірді деп былтыр күдікке ілінген. Тамызда ерлі-зайыпты дауласып, күйеуі әйеліне пышақ сұғуды бұйырыпты. Өмірімен арпалысқан әйелдің қолындағы пышақ күйеуінің мойнына кіріп, соңында жолдасы жан тәсілім еткен. Кейін қылмысын жасыру үшін азаматтың денесін бөлшектеп Келес өзеніне ағызып жібереді. Сұмдықтың бәрін көршісі біліп, іс полицияға жетіпті. Жантүршігерлік қылмысқа бүгін cот үкім оқыды.

«Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, сонымен қатар ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігімен 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. ҚК-ның 58-бабы 3- бөлігіне сәйкес жазаларды сіңіру арқылы түпкілікті 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Сәкен Тұрғынбаев.

15 жылға бас бостандығынан айрылған әйелдің анасы қызының тұрмысқа шыққалы қорлық көргенін айтады. Сөзінше, күйеу баласы қызын шешіндіріп мұз үстіне де қойған, темекі шегіп, шоғын денесіне басқан. «Шыдамы шегіне жеткен перзентім осындай қатігездікке барды» деп шырылдайды ана.  

«Әбден зорлық-зомбылықты көрді. Қызымды балалардың көзінше де ұрып-соққан. Темекінің шоғын денесіне басқан», – деді сотталушының анасы Тіллайым Молдабекова.

Шаңырағы шайқалған отбасында 3 бала бар. Үлкені 13 жастағы ұл болса, кішісі 10 жастағы қыз. Олар қазір нағашыларының қолында. Нағашы ата-әжесінің екеуі де мүмкіндігі шектеулі жандар екен. Олар жиендерін ешкімге бермейміз деп отыр. Айта кету керек, сот отырысында жәбірленуші тарап әйелдің өмір бойына сотталуын сұрап, інісінен қалған бауырларын балалар үйіне тапсыруды сұраған еді. Енді ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектердің қайда тәрбиеленетінін Сарыағаш ауданындағы адами әлеуетті дамыту бөлімі шешпек.

Назерке Үкібасова, Ильдар Жунусканов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында жолаушылар автобусы өртенді

Новости партнеров