Мектептердегі асхананы жасырын тексеру қажет. Бұл шаруаға «құпия сатып алушы» жұмылдырылса игі. Алматы қалалық қоғамдық кеңес мүшелері осындай бастама ұсынып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кетейік, бұған дейін қаладағы кейбір білім беру ошақтарында астың сапасына қатысты біраз шағым түскен. Ведомствоаралық сараптамалық топ құрылып, мегаполис мектептеріндегі тамақтанудың ұйымдастырылу деңгейі бағаланған. Тексеріс жүргізген арнайы комиссия бақылауды күшейту қажет деген байламға келген. Жаңа бастама қолға алынса, ата-аналар мен мұғалімдер астың сапасын, санитарлық жағдайды және тағамдардың мөлшерін қадағалай алмақ.
– Көп жағдайда тексеріс жүргізетін комиссия мүшелері міндетін дұрыс орындамайды. Олар тамақтану қандай деңгейде ұйымдастырылғанын тиісті деңгейде бағаламайды. Сондықтан ата-аналардың өзі «құпия сатып алушы» болып барып, астың сапасын қадағалауы қажет деп санаймын, – деді қалалық мәслихат депутаты Қайрат Бегалин.
Сондай-ақ арнайы құрылған сараптама тобы ас мәзіріне өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Мамандардың айтуынша, балалар көп жағдайда ет тағамдарын аса ұната бермейтін көрінеді. Сондықтан астың ішіндегі ет мөлшерін азайтып, орнына көкөністер мен жеміс-жидектерді көбейту қажет деп санайды
– Байқағанымыздай, балалардың көбі асқа қосылған етті түгел жемейді. Берілген еттің 30 пайызға жуығы қоқысқа тасталады. Сондықтан біз ет тағамдарының мөлшерін азайтып, орнына денсаулыққа пайдалы жемістер мен сусындарды беруді ұсынамыз. Ас мәзірге қажет өзгерістерді арнайы мамандар даярлайды, – деді «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Зүлфия Байсақова.
Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа жылдық фестиваль басталды