Үйірмеге кез келген бала қатыса алады
Алматылық оқушылар үшін ғылыми-техникалық әрі көркем-эстетикалық бағытта білім беретін инновациялық орталық ашылды. Шығармашылық мүмкіндіктерді дамытып, заманауи ғылымды үйрететін мекемеде 33 түрлі үйірме бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ресми таныстырылымы өткен инновациялық кешен әдеттегі би, күй, ән мен күрес секциясынан бөлек, заманауи бағыттағы ғылыми сабақтарды да қатарға қосқан. Балалар жаңа форматта, тың әдіспен, цифрландырылған жүйеде жүзеге асады.
– Балалар ойын арқылы мектеп бағдарламасын үйренеді. Бір сеанста 15 шақты оқушы бірге отырып, мұғаліммен байланысқа шыға алады. Ол цифрлық формат жүзеге асады. Қазақстандық ойындарды ойлап табуға да атсалысып жатырмыз. Келешекте балаларымыз виртуалды жоба құрастыра алатын болады, – деді «Виртуалды шындық» үйірмесінің жетекшісі Дулат Маратов.
Сканерлеу, энергияның балама көзін жаңғырту, астрономия, актерлық шеберлік пен режиссура, виртуалды шындық сынды үйірме көп. Оның әрқайсысы физика, химия мен биология, ақпараттық технология, сондай-ақ аспан әлемі сынды ғылымды негізге алады.
– Ұлым – мүмкіндігі шектеулі бала. Айта кететін жағдай, бұл жерде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған заманауи жабдықталған әртүрлі кабинет бар. Балаларымыз уақытын бос өткізбей, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бар деп ойлаймын, – деді ата-ана Қымбат Жұмағалиева.
– Алатау ауданында 55 мыңнан астам оқушы бала бар. Қалада 300 мың болса, алтыдан бір бөлігі Алатау ауданында орналасқан. Жылына 5000 бала оқушы санына өседі. Ауданда алғаш рет оқушылар шығармашылық орталығы ашылды, – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Инновациялық-шығармашылық орталықта оқу үшін балалар арнайы порталда кезекке тұрады. Ал үйірмені әркім өз қызығушылығына қарай таңдау құқығына ие. Кешен Алатау ауданында орналасқанымен, мұндағы сабақтарға алматылық оқушылардың бәрі қатыса алады.
– Жиған тәжірибеңізді бөлісіп, балалардың өсуіне ықпал етеді деп сенемін. Олар мұнда екінші үйі сияқты жүруі керек. Аманшылық, зор денсаулық тілеймін! – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
5000 баланы өнер мен ғылымға баулитын орталық қыркүйекте ашылады. Оқушыларды тіркеу басталған жоқ.
Атап айту керек, мұндағы 33 үйірмеге кез келген бала қатыса алады. Сабақтар тегін.
Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» теларнасы
Оқи отырыңыз: «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасына өтініш қабылдау басталды