|
04.08.2020 | 21:44
6015

Қашықтан оқу: Министр интернет сапасын жақсарту үшін қосымша қаражат сұрады

Елдегі санитарлық жағдайға байланысты 1 қыркүйекте оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталады

Қашықтан оқу: Министр интернет сапасын жақсарту үшін қосымша қаражат сұрады  Tengrinews.kz

Елдегі санитарлық жағдайға байланысты 1 қыркүйекте оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталады. Бүгін Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысы талқыланды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуы бойынша, шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептерде оқу дәстүрлі түрде жүргізіледі. Ал, бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші негізінде кезекші сыныптар ашылады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Елдегі індет қаупінің сейілмеуіне байланысты білім беру орындарындағы оқыту процесі қашықтан жүргізіледі. Алдын ала болжам бойынша, интернет платформалары мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 2,6 миллион оқушы, кезекші сыныптарда – 530 мың бала, ал штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде.  Ал, мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналардың қалауымен балаларды кезекші топтарға қабылдау ұйымдастырылады. Алайда сан он бестен аспауы тиіс. Сонымен қатар, министр арнайы білім беру мекемелерінің жұмысы қалай жүргізілетінін айтты.

«Арнайы білім беру ұйымдарының жұмысы біз үшін ерекше маңызға ие. Осы ерекше бүлдіршіндер қазіргі жағдайда үлкен назарды қажет етеді. Сондықтан  ата-аналарының таңдауы бойынша арнайы онлайн кеңес беру немесе  мамандардың жеке қабылдаулары ұйымдастырылады. Денсаулығында күрделі проблемалары бар балаларды қабылдау алдын ала жазылу тәртібімен жеке жүргізіледі», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Бұл жолы сабақтар «Әл-Фараби» және «Ел-Арна» телеарналарынан көрсетіледі. Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп осы арналармен қамтылу картасы дайындалып жатқан көрінеді. Соның негізінде 604 елдімекенде аталған каналдардың жоқтығы анықталды. Ал, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин елімізде интернет сапасын жақсартуға қосымша қаржы керек екенін айтты.

«Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында радиожиілік спектрлеріне талдау жасалды. Осының негізінде қосымша антенна-діңгекті құрылыстар орнатылуы керек нақты локацияларды айқындадық. Бұл тұрғыда жер телімдері нақты көрсетіліп отыр. Осы мәселеге байланысты жер телімдерін бөлу мен электр энергиясын тартуда жәрдемдесу үшін әкімдіктерге тиісті тапсырма беруіңізді сұраймыз», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин.

Премьер-министр Асқар Мамин 25 тамызға дейін оқушылар мен мұғалімдер оқу жылының қашықтан басталуына толық дайын болуы керек деген тапсырма берді. Үкімет мұқтаж отбасылардың балаларына пайдалану үшін шамамен 500 мың компьютер беру мәселесін де шешпек.

«Оқу жылының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Дайындықты бұдан да жандандыру керек. Үкімет аса мұқтаж отбасылардың балаларына пайдалану үшін шамамен 500 мың компьютерді беруді қамтамасыз етеді. Әкімдіктер компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мәселесін жергілікті деңгейде қосымша пысықтасын. Оқулықтар 25 тамызға дейін берілсін. Оқулықтардың қағаз жүзіндегі нұсқаларының бәрінде міндетті түрде электрондық нұсқалары болуы тиіс, оларға ашық  қолжетімділікті орналастыру керек», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.

Колледждер бойынша Білім және ғылым министрі педагогикалық, IT, әлеуметтік, гуманитарлық бағыттардағы мамандықтарды қашықтан оқытуды, технологиялық, аграрлық, медицина, өнер бағыттары бойынша аралас оқытуды ұсынып отыр. Ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан 9 мыңнан аса студенті бар 102 колледж де штаттық режимде жұмыс істейді. Бірақ бір топтағы студент саны 15-тен аспауы керек. Жоғары оқу орындарында оқыту негізінен қашықтан жүргізіледі. Ал болашақ дәрігерлер оқитын интернатура мен резидентурада оқу дәстүрлі түрде өтеді.

Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир