Ата-ана назарында: электронды әмиян жобасы іске қосылды

08.08.2024 01:42

Енді үйдегі ата-ана баласының мектеп асханасында қалай тамақтанатынын бақылай алады

Сгенерировано ИИ

Бастаманы Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылынан бастап пилоттық негізде барлық білім ошақтарына енгізеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

eGov Mobile-дағы жаңа қосымша кез келген ата-анаға қолжетімді. Ол арқылы баланың мектеп асханасына барған, бармағанын бақылай аласыз. Мұнымен қоса, оқушының жеңілдікпен тамақтануы үшін құрылғыдағы цифрлық ваучерді пайдалануға болады. Жаңа жүйе алдағы қыркүйектен бастап іске қосылады. Пилоттық негіздегі жобаны Оқу-ағарту және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері бірлесе енгізіп отыр.

- Жоба ата-аналарға қызметті проактивті түрде алуға, балаларының мектеп асханаларына баруын бақылауға және жеңілдікпен тамақтану үшін цифрлық ваучерлерді пайдалануға мүмкіндік береді. Жобаны кеңейту үшін мектептерді тамақтандыруды есепке алу мен тіркеу жүйелерімен қамтамасыз ету және оларды «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр, - дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру департаментінің басқарма басшысы

Пилоттық жоба Ақмола, Маңғыстау облыстарында және Астана мен Шымкентте сынақтан сәтті өтті. Оны қолға алудағы басты мақсат -  бюджет қаражатынан банк комиссияларына жұмсалатын шығыстарды оңтайландыру. Сол арқылы халыққа әлеуметтік көмек көрсету. Ал, жоғарыда айтқан «Әлеуметтік әмиян» ол кез-келген қолданушының жеке сәйкестендіру нөмірі негізінде құрылады.

- Баласының не жегенін көріп отырғаны дұрыс. Көрмесек, үйде отырып не беріп жатқанын білмейміз. Баланың жейтін-жемейтін тамағы бар. Жейтін тамақтарын бергені дұрыс қой, - дейді Түркістан облысының тұрғыны Гузаль Елгендиева.

- Ата-аналар үшін бұл өте ыңғайлы. Баламыздың не жеп жүргенін біліп отырамыз. Көп жағдайда тамақтың сапасына шағымданып жатамыз. Міне, енді өзіміз тікелей бақылап, біліп отыратын болдық. Қай уақытта тамақтанғанына дейін білуге болады деп жатыр, - дейді қала тұрғыны Ольга Величко.

«Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы өткен жылы енгізілгені белгілі. Қазір 15 өңірдегі 250 мектеп осы бастаманы қолданып келеді. Жалпы, жобаға білім ошақтары материалдық-техникалық дайындығына қарай біртіндеп қосылып жатыр. Ал, алдағы 1 қыркүйектен бастап «Әлеуметтік әмиянның» қолданысы тағы ұлғаяды.

Биылғы оқу жылында республика бойынша 1 млн 700 мың бала тегін тамақпен қамтылады. Бұл қатарда бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал топ санатындағылар бар. Министрлік ақпарынша, биыл 360 мың бала бірінші сыныпқа барады. Оларды оқу құралдарымен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 22,6 млрд теңге қаржы бөлініпті.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Тозығы жеткен, жайсыз мектеп: Жамбыл облысындағы тоғызтараулық оқушылар биыл қайтпек