Шашынан тартып, тұншықтырды: балаларды ұрған тәрбиешілер бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Ата-аналар бүлдіршіндерін сағаттап әжетханаға қамағандарды қатаң жазалауды сұрайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетісу облысындағы балабақшада балаларды әжуалап, ұрып-соққан тәрбиешілердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қазір сот-медициналық сараптама жасау жұмыстары басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Гүлназ Шәймерденова баласын тәрбиешінің тұншықтырған видеосын көргенде есінен танып қалған. Содан бері жүйке тыныштандыратын дәрімен ғана жүргенін айтты. Екі жастағы қызын бір ай бұрын балабақшаға берген анасы 2 күннің алдында денесі көгергенін байқаған. Тәрбиешілерден күмәнданып, бірден мекемеге барған.

– Шашынан тартып, аузына тамақты тығып жатыр. Сол жердің бәрін жинап, қызымды шешіндіріп төсекке лақтыра салды. Қызым ұйықтамай жылады. «Бәрін оятатын болды» деген болар, қызымды тұншықтырып, ұрып жатыр, – деді ата-ана Гүлнәз Шәймерденова.

Желіге тараған бейнежазбадағы қорлық көрген кішкентай бүлдіршін – Айғаным Бұрлыбаеваның ұлы. Тәрбиеші кіші дәретке отырмаған ұлдың жыныс мүшесін тартқылап, бірнеше рет шерткен. Ол аздай жанындағы балаларға да солай жасатып, әжуа қылған.

– Түнімен жылап шығады, біреу сөйлеп қалса, жасқанады. Аузынан ұрған, – деді ата-ана Айғаным Бұрлыбаева.

Ата-аналар бүлдіршіндерін сағаттап әжетханаға қамап, аямай ұрып-соққан тәрбиешілердің қатаң жазалануын сұрайды.

– Балам шошынып қалған. Балабақшаға апарайын десем жылайды. Баламды соққан адамдар қатаң жазалансын, – деді ата-ана Әсем Байсеркеева.

Панфилов ауданына қарасты Головацкий ауылындағы жекеменшік балабақша 6 ай бұрын ашылған. Бөбекжайда балалардың жыныс мүшесін тартқылап жүрген қызметкер кіші топтың тәрбиешісі, он жылдан бері шағын орталықтарда жұмыс істеген. 42 жастағы көпбалалы ана ақпаннан бері осында қызмет етеді. Бұл жағдайдан кейін орталық иесінің денсаулығы сыр берген, оның орнына ұлы келіп ата-аналардан кешірім сұрады. Ал өкінішке қарай, бұл жағдайды білім бөлімі тексере алмайды.

– Балабақшаның ішкі тыныс-тіршілігімен таныс емеспіз. Себебі 2023 жылға дейін мораторий болғандықтан, ешқандай балабақшаға арыз түспейінше кіре алмаймыз. Тек қана әдістемелік көмек, онлайн курс, семинар ұйымдастырып тұрдық, – деді Панфилов аудандық білім бөлімінің әдіскері Райгүл Қарабалаева.  

Ата-аналардың шағымы бойынша сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалған. Егер балабақша қызметкерлерінің кінәсі дәлелденсе, олар бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Меруерт Мұратқызы, Мирас Анитов «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Несие алып береміз: Ұлытауда алаяққа алданғандар шағымданды

Новости партнеров