Мектептегі асханалар мен әжетханалардың жағдайын түбегейлі өзгерту керек. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мұндай проблеманың барын кейбір мектеп басшылары жасырып қалады. Егер мұндай факті дәлелденсе, жалған ақпарат берген басшылар қатаң жазаланатынын ескертті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Маған келіп жатқан ақпаратқа сәйкес, кейбір мектептің басшысы осы ақпаратты жібергені үшін тиісті шара қолданып жатыр деп естідім. Егер осындай мәселелер дәлелденетін болса, онда біз өте қатаң шараны білім бөлімінің басшысына да, мектеп басшысына да қолданамыз. Ауруын жасырған өледі. Жасыратын ештеңе жоқ», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар министр «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын айтты. Мардымды жауап бермеген әріптестерінің жұмысын сынға алды.
«Қандай кітап, қанша кітап сатып алдыңыздар? Кітапханаларыңыз қалай өзгеріп жатыр? Әр апта сайын осы жиналысқа қатысасыздар. Дайын емессіздер. Сіздер қонаққа келген жоқсыздар ғой», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.