|
06.08.2024 | 19:54
645

Су тасқынынан зардап шеккен аймақта мектеп құрылысының қарқыны қалай

Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық пысықталды

Су тасқынынан зардап шеккен аймақта мектеп құрылысының қарқыны қалай primeminister.kz

Су тасқынынан зардап шеккен білім ошақтарының тек 5-і ғана жаңа оқу жылына дайын, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жалпы, өңірде 40 ғимарат бүлінген. Оның ішінде, балабақша, мектеп пен қосымша білім беретін нысандар бар. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 19 нысанды қалпына келтіру уақытылы аяқталмауы мүмкін дейді. Бүгін Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық пысықталды.

- Биыл оқу жылы қарсаңында күрделі жөндеуден өткен 222 мектеп пайдалануға беріледі. Жалпы, елімізде 7 мың 859 білім ошағы болса, оның 6 мың 387-інің жағдайы жақсы, - дейді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. 

Ал Жамбыл, Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарында 1 мың 290 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Сәйкесінше, аталған өңірлердегі осы білім мекемелерінің оқушылары оқу жылын ескі, тозығы жеткен ғимаратта бастамақ.

- 1290 мектеп деп отырғанымыз - заманауи күрделі жөндеуді және тиісті пәндік кабинеттермен жабдықтауды қажет ететін мектептердің саны, оны бүгін анықтап отырмыз. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, елімізде қалған мыңнан аса мектепті заманауи мектептер деңгейіне жеткізу, - деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Өз кезегінде премьер-министр Олжас Бектенов жаңа оқу жылы басталғанға дейін құрылысы аяқталмай қалу қаупі бар өңірді атады. Үкімет басшысының сөзінше, Ақтөбе облысында орналасқан 7 мектеп дайын емес. Сондықтан премьер күрделі жөндеу жұмыстарын тамыздың соңына дейін бітіруді тапсырды.  

- Осы бағытта барлық күш-жігерді біріктіріп, объектілердің белгіленген мерзімде тапсырылуын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ тамызда күрделі жөндеу жұмыстарының барлығы аяқталуы тиіс. Алайда 18 мектепте жоспарланған жұмыстардың 30% ғана орындалған. Бұл мәселе Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарына қатысты. Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдамаса болмайды. Балалар таза әрі ыңғайлы кабинеттерде білім алуы үшін оқу процесі басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтаңыздар, - деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Үкімет отырысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі де сөз болды. Ғани Бейсембаевтың сөзіне сенсек, мектептердің 87% дабыл түймелерімен жабдықталған және 62% турникеттер орнатылған. Оқу ордаларының 70%  Ішкі істер органдарының Жедел басқару орталықтарына қосылған. Дегенмен Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан облыстарындағы білім мекемелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету өте баяу жүріп жатыр.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана.

Оқи отырыңыз: Жаңа оқу жылы: биыл баланы мектепке дайындау бағасы өзгерді ме

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир