Елімізде ЖОО-да оқу ақысы қымбаттай ма

10.01.2023 01:05

Елдегі екі ірі қаладағы оқу ақысының ең арзаны 700 мың теңге

Almaty.tv

Елдегі инфляцияның өсуі – оқу ақысының қымбаттауына тікелей әсер етуі мүмкін. Осылайша, университеттердегі ақылы білім алудың құны экономикалық шек негізінде түзелмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстандағы инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетіп, 20,3 пайызға дейін өскен. Ел әлеуетінің әр саласына әсер ететін экономикалық ахуал ендігіде, жоғары оқу орындарындағы ақылы білімнің құнын да өсіруі мүмкін. Бұл дегеніміз – оқу ақысы нарық заңына сәйкес белгіленеді деген сөз.

«Білім беру құны – өзекті мәселе, мен келісемін. Айта кету керек, оқу құнын жоғары оқу орындарының өзі анықтауға құқылы. Ол аймаққа, олар шығындарға байланысты өзгеруі мүмкін. Барлығы экономикамен байланысты. Инфляция деңгейінде өсу заңды процесс, егер олар түбегейлі көтерсе, бұл – басқа мәселе. Мысалы, оқу құны 300 мың болса, оны 1 млнға дейін көтеріп жіберсе, олармен жеке жұмыс істейміз», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

«Баға бірден өспейді. Ал құнның көтерілуіне басқа жағынан қарасақ, оң нәтиже көруге болады». Осылай деген елдегі жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы оқу ақысы артса, оқытушылардың жалақысы көтерілетінін айтады. Өйткені, студенттерге грантты мемлекет тағайындайды. Университет үшін өзге кіріс – ақылы негізден түседі.

«Мектепте география пәні мұғалімінің айлығы әрі кетсе 600 мың теңгеге жететіндер бар. 500-600 мың теңге. Университетте істейтін жай мұғалімдердің жалақысы одан 2-3 есе төмен. Былтырдың өзінде 5000 мұғалім мектепке кетіп қалды. Енді, министрлік те айтып жатыр жалақыны көбейтіңдер деп. Қайдан көбейтесіз? Табыс тек қана ақылы бөлімдерден келеді», – деді ҚР ЖОО қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов.

Қазір Қазақстандағы жоғары оқудың 1 жылдық орташа құны 300-400 мың теңгенің айналасында. Елдегі екі ірі қаладағы оқу ақысының ең арзаны 700 мың теңге.

«Біз көріп тұрғандай, әр жыл сайын оқу бағасы көтеріліп жатыр. Нәтиже қатты көрінбейді, шынын айтайын. Менің ойымша мұғалімдердің жалақысы көтерілсе де, өзгеріс болмайды», – деді студент Даниал Рамазанов

«Көп жағдайда, бір отбасыда бірнеше студент бала бар. Яғни, оқу ақысының өсуі отбасылық бюджетке тікелей әсер етеді. Мәселен, мен оқитын университетте жылына шамамен 10 пайыз өсім байқалады. Алматыдағы оқу орындарының көбінде жағдай солай, 2 жылда кемі 200 мың теңгеге қымбаттай береді», – деді студент Арыстан Ақбиев.

«Жауапты министрлік оқу орындарынан бағаны көтермеуді сұрайды. Оқу ақысы өскен күннің өзінде өзгеріс бірден байқалмайды, төлем азаматтардың төлеу қабілетіне сәйкес жүргізіледі», - дейді қауымдастық төрағасы.

Елде жалпы 120 жоғары оқу орны бар десек, онда білім алатындардың саны қазір 600 мыңнан асып жығылады. Сол 600 мыңның 60%-ы ақылы негізде оқиды. Оқу ақысы қымбаттаған жағдайда, студенттерге бірнеше жеңілдік жүйесі қарастырылған. Бірақ олар әзірге қолданысқа енген жоқ.

Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы