Солтүстік Қазақстан облысына Ираннан 20 отбасы көшіп келді

Almaty.tv
Almaty.tv
Жыл басынан бері өңірге Ресей мен Өзбекстаннан 40-қа жуық отбасы көшіп келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ираннан келген қандастар Солтүстік Қазақстанға жайғасты. Оларға «Еңбек» бағдарламасы арқылы жаңа үйлер берілді. Әр отбасы мемлекеттен қайтарымсыз субсидия алады. Егер кәсіп ашамын десе, бастапқы көмек ретінде 500 мың теңге көлемінде грант алу мүмкіндігі қарастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Солтүстік Қазақстан облысына Ираннан 20 отбасы, 54 этникалық қазақ қоныс аударды. Оның 18-і – бала. 20 отбасы 3 елдімекенге – Есіл ауданы Петровка мен Николаевкаға және Шал ақын ауданындағы Сергеевкаға қоныстандырылды. Петропавлдан 90 шақырым жерде орналасқан Петровка ауылына 4 отбасы көшіп келді. 

«Тарихи отанымыз негізінде осы жер ғой. Енді бала-шағамыздың жері ғой. Балаларымыз мектепте иранша оқыды. Иран уиверситетінде де оқыды. Өзгелері саудада болды, біз өзіміз сауданың ішінде жүрдік. Жағдайымыз жаман емес, жақсы. Құдайға шүкір ол жерде да жақсы еді. Бұл жерде да жақсы болады деп ойлаймыз», - дейді қандас Миуа Бәли.

Бәлиевтер әулеті ашаршылық кезінде Иранға қоныс аударған. Ибраһим Бәли баласының болашағы үшін Қазақстанға көшіп келгенін айтады. Мектепте парсы, араб, ағылшын тілдерін меңгерген ол қазақ тілі қанымызда бар дейді.

«Бұл жаққа өзіміздің шыққан тамырымызды тауып, балаларымызға қазақтығымызды сіңірейік деп келдік. Табиғаты жақсы екен, жалпы, бәрі жақсы. Балаларымыз осы елде өссін, үлкен мәртебелерге көтерілсін деген ниетпен келдік. Адам бір қаладан басқа қалаға келсе де сескеніп, қорқып тұрады. Дегенмен, тірлік етіп, бірлігімізді жарастырсақ деген ойымыз бар. ИншАлла солай болсын. Халқымыз аман болсын», – дейді тағы бір қандас Ибраһим Бәли.

Петропавлдан 120 шақырымдағы жердегі Николаевка ауылында «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға 30 үй салынған еді. Енді сол баспаналарға 10 этникалық отбасы қоныстанды. Қандастарға қазақ тілін үйренуге көмек көрсетіледі. Ол үшін апта сайын тегін сабақтар ұйымдастырылмақ.

«Қазір көштің екінші толқыны келді. Тағы да келеді. Бұл жолы Иранда,ы қазақтардың қаймағы келді десе де болады. Мен солай ойлаймын. Интеллегенция келеді. Қазіргі таңда бізге келген бір дәрігер бар. Сосын механизатор, экскалаторщик, дләнекерлеуші, тігінші мамандар келіп жатыр. Мұнда олар өзі ісін ашып, ұлттық киімдер тікпек, кілем тоқитындар да баршылық. Олар істейтін 20 жұмыс орны ашылып жатыр», - деп атап өтті Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының СҚО бөлімінің жетекшісі Арман Сүйіндіков.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері СҚО-на Ресей мен Өзбекстаннан 40-қа жуық отбасы көшіп келген. Оларға қандас мәртебесі берілді.

Нұргул Алина, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан

Новости партнеров