|
14.05.2021 | 20:08
10025

207 мемлекеттік мектеп пен 189 балабақша: Алматыдағы білім беру мекемелерінде қауіпсіздік күшейтіледі

Ержан Бабақұмаров білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде кеңес өткізді

207 мемлекеттік мектеп пен 189 балабақша: Алматыдағы білім беру мекемелерінде қауіпсіздік күшейтіледі Almaty.tv

Бүгін қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде кеңес өткізді. Қазан қаласында болған қайғылы оқиға бізге де сабақ болуы керек деді онлайн форматқа жиналған сала мамандары. Сондай-ақ, білім нысандарының қызметкерлері үшін азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бойынша оқу-жаттығу практикасын өткізу қарастырылды. Ата-аналармен де тығыз жұмыс жасалу керек екені айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл – қаладағы екі жарым мыңнан астам бала оқитын білім ошағы. Олардың қауіпсіз әрі еркін білім алуы үшін бірнеше күзет агенттіктер мен сенімді қорғаныс жүйесі тәулік бойы жұмыс істейді дейді мектеп директоры. Дабыл қаққыш құрылғылар білім нысанындағы дәліздерден бөлек, әр сыныпқа дейін орнатылған. Мұнда қырағы бейнебақылау камераларын да байқауға болады.

Мәселен, бұл мектепке бөгде адамның рұқсатсыз басып кіруі қиын. Себебі кіреберісте мынандай екі турнекет орналасқан. Одан бөлек, тәулік бойы күзетшілер қарауыл жасайды. Білім нысаны толығымен бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Ғимараттағы қандай да бір есік терезе сынып, қираған жағдайда дабыл қағады.

Төтенше жағдай орын алған мекенжайдан бірден диспетчерге хабар келіп түседі. Артынша жақын төңіректе орналасқан тәртіп сақшылары мен қауіпсіздік қызметі дер кезінде жетеді. Бүгінде қалада 207 мемлекеттік мектеп пен 189 балабақша бар.

«Қаладағы білім нысандары толық бейнебақылау камераларымен қамтылған. Одан бөлек, әр білім беру нысанында штаттық қызметте психологтар жұмыс істейді. Олар жыл сайын түрлі тақырыпта біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Бұл ретте құқық бұзушылық пен балалардың қауіпсіздігін сақтау сынды тақырыптар басты бағытқа алынған», – деді қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов.

Ал, психолог маман балалардың түрлі бұзақылық әрекеттерге баруына басты себеп үйдегі тәрбиеге байланысты екенін айтады. Мінезі сыр берген адаммен қандай білікті маман жұмыс істесе де, көп жағдайда нәтиже бермейді дейді ол.

«Бала мен ата-ана арасында жылы қарым-қатынас жоғалмауы керек. Жылы қарым-қатынас дегеніміз не? Мысалы, сіз балаңызды құшақтағыңыз келеді. Бірақ ол сізден бас тартады. Осылайша балада агрессивті мінез-құлық қалыптасады. Балаға себепсіз ұрысқаннан, дөрекі сөйлегеннен мінезі бұзылады», – деді психолог Жанат Біржанова.

Қазан қаласындағы 19 жасар бала мектепке барып, мұғалімдер мен оқушыларға аяусыз оқ жаудырған кезде қаруды қайдан алған деген сұрақ көпшілікті толғандырғаны жасырын емес. Ал, біздің елде суық қаруды сатып алудың өзі оңай шаруа емес дейді сарапшылар.

«Қазақстанда қару сатып алу үшін талап қатаң. Ол үшін тұтынушының психологиялық ауруы мен наркологияның біріңғай есебінде тұрмағаны жөнінде анықтамасы болуы керек. Одан бөлек, қаруды пайдалануда қауіпсіздік ережелерімен толыққанды танысу қажет. Сонымен қатар, қаруды сақтайтын қауіпсіз әрі сенімді орны бар ма? Соны көрсетуі керек болады», – деді «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығының директоры Сергей Катнов.

Ал, республикалық ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, соңғы бес жылда жасөспірімдердің қатысуымен болған бұзақылық 40 пайызға дейін төмендеген. Жыл сайын арнайы мамандар еліміздегі барлық мектептерде антитерорлық қауіпке қарсы шаралар жүргізеді. Сондай-ақ, мұғалімдер мен білім нысаны қызметкерлеріне қауіп төнген жағдайда қандай әрекетке көшу сынды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жасалады деп атап өтті.  

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир