Биыл Атырау облысында ит-мысықтарды аулауға және күтіп-бағуға қазынадан 372 миллион теңге бөлінген. Бірақ қала ішінде қаңғыбас иттер қаптап жүр. Төрт аяқтылардан қауіптеніп, далаға шығудан қалған тұрғындар әкімдіктен мәселені дереу шешуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала тұрғыны Динара Орынтайды екі апта бұрын қаңғыбас ит қауып алған. Зардап шеккен келіншек далаға шығуға қорқады. Оның айтуынша, қала ішінде қаңғыбас ит көбейіп кеткен.
– Мені ит қауіп алды. Қалада еркін жүре алмаймыз. Балаларды мектепке жібере алмаймыз. Заңды да күшейтті, бірақ баланы қауып алса, денсаулығына қауіпті. Сол үшін шара қолдансын, – деді қала тұрғыны Динара Орынтай.
Өңірде бұралқы жануарлардан зардап шеккен өзге тұрғын жетерлік. Ақпанда 8 жастағы баланы қаңғыбас ит тістеп, ауыр халде жансақтау бөліміне түскен. Сондықтан белсенділер «өзекті проблеманы тез арада шешу керек» дейді.
– Қаншама баланы ит талап жатыр. Заңда тек бір тараптың құқығы – ит қана қорғалған, ал адамның, баланың құқығы жөнінде айтылмайды. Дереу қолға алу керек деп ойлаймын. Себебі бөлініп жатқан қаражаттан еш пайда жоқ. Заңға өзгеріс керек, – деді белсенді Сандуғаш Көкенова.
Былтыр қазынадан 59 млн теңге қаралса, биыл бұл сома 6 есеге артып, 372 млн теңге бөлінген. Бұрын көшедегі төрт аяқтыны жаппай атуға рұқсат етсе, қазір тыйым салынған. Ветеринарлар ит-мысықтарды аулап, агрессия тудырғандарын ғана жансыздандыра алады. Бұл ота үшін бір итке 22 мың теңге жұмсалады.
– Биыл 11 мыңнан астам ит ауланды. Оның ішінде облыс бойынша 1000-нан астам итке кастрация жасап, қоршаған ортаға қайта жіберілді. Қалған иттер жансыздандырылды, – деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиев.
Ал ерікті Венера Манасова жануарларды атуға түбегейлі қарсы. Оның арнайы ұстау орнында 100 иті бар. Оларды бағуға айына орта есеппен 500 мың теңге жұмсайды. Бірақ әкімдіктен қаржы алмайды.
– Қаржыны қалтамыздан шығарамыз. Жануарлардың жағдайына бей-жай қарамайтын тұрғындар да қолғабыс етеді. Иттерге тамақ әкеліп тұрады. Бірақ әкімдіктен ақша алмаймыз. Олар тек арнайы чип тағу жұмысына ақша береді. Иттерді атуға үнемі қарсымын, – деді ерікті Венера Манасова.
Облыс әкімдігінің қызметкерлері бөлінген ақшаның бәрін бірдей жұмсамай, артылған қаражатты бюджет есебіне қайтаратынын жеткізді.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау
Оқи отырыңыз: Қазақстандық оқушылар эмоционалды интеллектіні дамытатын бағдарлама ойлап тапты