Алматыда 2 бірдей мектеп қолданысқа берілді. Жаңа форматтағы замануи білім ордалары Алатау және Наурызбай аудандарында ашылды. Онда әрқайсысында бір ауысымда 1500 оқушы білім ала алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл - Алатау ауданында ашылған №209 мектеп-гимназия. Қазірдің өзінде білім ошағы 2800-ден аса оқушыны қабылдап үлгерген. Білім ордасында оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сабақ панорамалық 77 оқу кабинетінде өтеді. Мұнда бір уақыта 280-ге жуық оқушыны тамақтандыруға арналған асхана, дыбыс оқшаулағыш панельмен жабылған спорт алаңы бар.
«Мектеп-гимназия заман талабына сай салынған. Мысалы, бірінші кезекте оқушының осы жерде жүрген кезінде қауіпсіздік ережесі өте қатаң сақталады. Мысалы, келеңсіз жағдайлар болса, жер сілкінсе, жаңағы өрт шыққан жағдайда бала қауіпсіздігін сақтауға негізделген есіктер қойылған», – деді №209 мектеп-гимназияның директоры Нұрлан Адамов
Жаңа ашылған мектептің тағы бір ерекшелігі оқушылардың келіп-кетуі FACE ID арқылы қадағаланады. Қазір мектеп әкімшілігі оқушылардың барлығын суретке түсіріп, базаға тіркеуді бастады. Ал ата-аналар балаларын үйде отырып-ақ ұялы телефон арқылы бақылап отырады.
Оған қоса, мектеп әкімшілігі болашақта тәртіп сақшыларымен бірігіп жұмыс істеуді көздеп отыр. Олар Ішкі істер министрлігінің базасын алып, іздеуде жүрген немесе қандай да бір күдік тудырған азаматтар мектеп маңайына келсе, бірден полицияға хабар бермек. Яғни, бөтен азаматтар білім ошағына бей-берекет кіре алмайды. Айтпақшы, дәл осындай заманауи үлгідегі тағы бір мектеп Наурызбай ауданында да ашылды.
«Биылғы оқу жылында Алматы қаласында 8 жаңа мектеп іске қосылып отыр. Оның екеуі Наурызбай ауданында, біреуі Түрксіб ауданында және бесеуі Алатау ауданында. Мектептердің барлығы құрылысы жаңа сипаттағы құрылыс. Бұл тұңғыш рет Алматы қаласында салынып отырған 1500 орындық,1800 орындық мектеп. Басты назар аударатын нәрсе бұл мектептердегі балаларға тең мүмкіншіліктер жасалған. Яғни, ерекше білім алу қажетті балаларға барлық жағдай жасалған», – деді Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
Ал бұл - Наурызбай ауданына қарасты Достық ықшамауданында ашылған №209 мектеп-гимназия. Қазір 960 оқушы қазақ тілінде оқуды бастап кетті. Заманауи оқу ғимараты 8 блоктан тұрады. А блогы бастауыш сыныптарға, В блогы 5 пен 9 сыныптарға, В блогы 10 мен 11 сыныптарға бөлінген. Мектепте асхана мен спорт залы, кітапхана, сыртқы спорт алаңы бар. Кең сарайдай білім ордасында жоғары сапалы білім алуға барлық мүмкіндік жасалған.
«72 пән кабинеті бар. Пән кабинеттерінің барлығы заман талабына сай жабдықталып, смарт тақталармен қамтамасыз етілген. Яғни, смарт тақталар мектеп мұғалімдерінің сабақ барысында түрлі қосымша материалдарды пайдалануға және балаларға сабақтан тыс уақытта да қосымша материалдарды қолдануға мүмкіндік беріп отыр», – деді №208 мектеп-гимназияның директоры Гүлбағда Әденова.
Алматы қаласында 210 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Оқушы орнының тапшылығы 29 мыңнан астам. Әсем шаһарда қала әкімдігінің қолдауымен білім ордаларын салу қарқынды жүргізіліп келеді. Келесі оқу жылынан бастап «Жайлы мектеп» жобасы іске асырылады. Бір ғана Алматыда 2023-2024 жылдарында 22 мектептің құрылысы іске асырылады. Осылайша, 37 мыңнан астам оқушы орны ашылмақ. Оған қоса, 1000 мектеп құрылысы жобасы жүзеге асады. Оның аясында, 2025 жылға дейін Алматыда 36 білім ордасы салынады.
Жадыра Омаржан, Мейрам Таубалдиев, Сағындық Нарықов, Алматы телеарнасы