Ұлттық бірыңғай тестілеуде 160 мыңға жуық оқушының 60 мыңнан астамы немесе 40 пайызы шекті балды еңсере алмаған, ал 1200-ге жуық түлек тестілеуге мүлдем жіберілмеген, деп хабарлайды Almaty.tv
Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев бар кінә балаларда емес, Ұлттық бірыңғай тестілеуді қайта тапсыру мерзімінің белгісіздігінен болды деп отыр. Айтуынша, мерзім нормативті түрде анықталмаған, бірақ ауызша тамыз айының соңы деп ғана айтылған.
«Осыған байланысты, өткен оқу жылы қашықтықтан оқыту және осыған байланысты стресстік жағдай, түлектер көрсеткіштерінің нашарлауына ықпал еткенін атап өткен жөн. Бұл балалардың көпшілігі мектепте жақсы көрсеткіштерге ие болды және тесттің нашар нәтижелерін өте ауыр қабылдады. Осылайша, біз ҰБТ-ны қайта тапсырудың кешіктірілуі ештеңемен негізделмеген және айқын тәуекелдерге алып келеді деп есептейміз», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев.