|
17.10.2023 | 21:59
4210

Он бес мыңнан астам адам – «Болашақ» бағдарламасының түлегі

Елімізде шетелдік жетекші оқу орындарының филиалдары жұмыс істейді

Он бес мыңнан астам адам – «Болашақ»  бағдарламасының түлегі Almaty.tv

Егеменді ел болғалы білім мен ғылым саласының мерейі артып келеді. Құрылғанына 30 жыл болған «Болашақ» халықаралық бағдарламасы – соның айқын дәлелі. Мұхит асып, әлемнің жетекші университеттерінен білім алған түлектер бүгінде сан салада сүбелі еңбек етіп жүр. Жыл өткен сайын оның ауқымы кеңейіп, оқуға болатын мамандық тізімі артқан. 30 жылдың ішінде 15 мыңнан астам адамның шетелде білім алуына мүмкіндік туған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нұрлыайым Данаева – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Америка Құрама Штаттарындағы New York Film Academy киностудиясынан тағылымдамадан өткен. Қазір еліміздегі жоғары оқу орнында болашақ журналистерді дайындайды. Оқытудың тың әдістемесін, тиімді тәсілдерін үйренген ұстаз бүгінде шәкірттеріне де білгенін айтып жүр.

– Бұған дейін қалай тереңдетіп оқытудың жолын білмеген болсақ, осы тәжірибенің арқасында Америкада үйреніп келіп, балаларға өз бетімізше қалай бейнесюжеттер жасау керек, қандай бейне-аудио ақпараттарды бағдарлама көмегімен қалай кесу керек, солардың барлығын білікті маман ретінде үйрете алатындай дәрежеге жеттік, – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрлыайым Данаева.

Шетелдік университеттердегі мұғалімдер оқыту кезінде барынша еркін болуға үйретеді екен. Ұстаз «бұл санаға сіңген таптаурынды қағидадан арылуға көмектесті» дейді. Маман біздің елде оқушы мен мұғалім немесе оқытушы мен студент арасында еркіндік жетпейтінін айтады.

– Ол жақта бірде-бір аудиторияда парта жоқ. Тек орындық тұрады. Адам кіргеннен еркін жайғасады. Ұстаз бен білімгердің арасында байланыс еркін ойыңды жеткізуге жетелейді, – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрлыайым Данаева.

Халықаралық бағдарламаның шарапатын көріп үлгерген тағы бір маман – Дәурен Мұхамеджанов. Оның айтуынша, шетелде оқып келген мамандардың елдегі білім сапасын көтеруге қосар үлесі зор. Ол егемендік алғалы бұл саланың көш ілгері дамығанын атап өтті.

– Қазақстанның білім деңгейі әлемнің басқа елдерімен, мемлекеттерімен салыстырғанда еш төмен емес, керісінше, әлдеқайда жоғары деп айтсақ болады. Себебі соңғы уақытта бізге шетелден келушілер өте көп. Ол – білім деңгейінің жоғары екендігінің көрсеткіші. Бірақ жаңа айтып кеткендей, әр елдің салты, мәдениеті басқа, ел танып, жер көру біз секілді шығармашылық адамдары үшін маңызды, – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Дәурен Мұхамеджанов.

Бүгінде еліміздің әр аймағында шетелдік жетекші оқу орындарының филиалдары жұмыс істейді. Соның бірі – 2021 жылы Алматы қаласында ашылған Ұлыбританияның Де Монтфорт университеті. Оқу орны менеджмент және экономика саласының білікті мамандарын даярлайды. Бұл – өзге елдің озық тәжірибеге негізделген білімін іздеген жастар үшін үлкен мүмкіндік.

Ұлағат Арғын, Хангелді Ахметханов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир