Түлектер кәсібіне сәйкес мекемелерде жұмыс істеуі керек
Елімізде 2 мыңға жуық азамат жоғары оқу орындарында тегін білім алып, оны жұмыс істеп өтемегендіктен, бюджет шығынын қайтарған. Себебі заңға сәйкес, мемлекет қаржысына грантта оқыған жас мамандар үш жыл ресми түрде қызмет етуі тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2018 жылы Тараз қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі дипломын қолға алған Нұрбол Әзімжан мамандығы бойынша жұмыс іздестіріп таппағанын алға тартады. Кейіннен жеке кәсіпке көшкен бірнеше рет ескерту алған. Ескертуге мән бермеген оған сот шешімімен айыппұл салынды.
– Сол салада жұмыс табылмағаннан кейін кәсіппен айналыстым. Соттың шешімімен 2 миллион 383 мың 086 теңге айыппұл келді. Арнайы банк карталары бұғатталды, шетелге шыға алмайсың. Басқа шешім жоқ, төлеуге міндетті екенімді түсіндім, – деді қала тұрғыны Нұрбол Әзімжан
Бүгінде ол 2,5 миллион теңгеге жуық соманы толығымен жапқан. Дегенмен айыппұл бірден салынбайды. Ескертуге құлақ асып, жас маман үш жылдық өтеу мерзімі өтпей тұрып жұмысқа орналасса, мәселені шешуге болады.
– Қаржы орталығы 241 мыңнан астам түлекпен жұмыс істеп отыр. Елу мыңға жуық студент міндетін орындамай жүр. Олардың жеке кабинетіне хабарлама жіберілді, – деді «Қаржы орталығы» АҚ Мониторинг департментінің өкілі Ақзира Серікқали.
Жүкті, үш жасқа дейінгі баласы бар әйелдер мен мүгедектігі бар азаматтар және магистратура, докторантурада білімін жалғастырып жатқан түлектер аталған міндеттен босатылады. Оларға Қаржы орталығына дәлелдейтін құжаттарын ұсыну жеткілікті. Сондай-ақ Білім туралы заңға сай медицина, педагогика, аграрлық және ветеринария мамандақтарының түлектері кәсібіне сәйкес мекемелерде жұмыс істеуі керек. Ал қалған маман иелері жолдама арқылы кез келген жерде қызмет атқара алады.
Алған дипломын сандыққа салып, екі қолға күректі басқа саладан іздейтіндер аз емес. Сондықтан тегін білім алып жүрген түлектерге бүгінде білім беру қабырғасынан арнайы «Мансап» орталықтары ашылған. Орталық басқармалармен, ғылыми зерттеу институттарымен тығыз байланыста орнатады. Осылайша олар түлектердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына көмек қолын созады.
– Олар бос жұмыс орындары туралы мәлімет береді. Соның негізінде жұмысқа бөлу комиссиясын құрып, түлектерге жолдама береміз. Олар не жұмысқа барады, не оқуын жалғастырады немесе жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту орталығына тіркеледі, – деді Абай атындағы ҚазҰПУ «Мансап» орталығының жетекшісі Рақымберді Жетібай.
Егер жұмыс табылмаған жағдайда, шұғыл түрде Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі қажет. Мамандардың айтуынша, есепте іздеуші ретінде тіркелгеннің өзі үш жылдық жұмыс мерзімін өтеуге көмек болады.
Жансая Олжабек, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: ҚазҰУ-де «Баспа-редакциялау орталығы» ашылды