Еліміздегі ЖОО-да сыбайлас жемқорлыққа қатысты талап қатаң. Оқытушылар арасында қандай да бір жемқорлық дерегі тіркелген жағдайда ректордың өзі тікелей жауап береді. Бүгін қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі университет ректорларының қатысуымен кеңейтілген жиын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Конференцияда 2026 жылға дейінгі бекітілген тұжырымдама жобасы талқыланды. Онда білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесіне айрықша көңіл бөлінген.
«Өткен 3-4 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлықпен кездеспеген студенттер саны 20 пайызға артты. Бұл көрсеткіш қуантады. Бірақ студенттер 6-7 пайыз сыбайлас жемқорлық көріністері бар деп көрсетіп отыр. Біз қалған 6-7 пайызды азайтуға жұмыс істеуіміз керекпіз», – деді республикалық «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқушев.
Айта кетейік, бүгінде мегаполисте 37 ЖОО бар. Онда 180 мыңнан астам студент білім алады. Қазір әр университетте әлеуметтік жоба жұмыс істейді. Ондағы мақсат - студенттер мен оқытушылар арасындағы жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
«Университеттегі «Саналы ұрпақ», «Парасат», «Ашық алаң» және еріктілер орталығы жұмыс жасайды. Сол орталықтарға жаңа бағыттағы өзгеріс енгізуіміз керек», – деді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Тілектес Есполов.