Елімізде оқудың мұндай формасы алғаш рет қолданылып отыр
Бүгіннен бастап еліміздің барлық өңірлерінде қашықтан оқытыла басталды. Елімізде оқудың мұндай формасы алғаш рет қолданылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін таңертең сағат 09.00-дeн бастауыш сыныптары үшін теледидардан сабақ өтіп, 1 миллионға жуық қолданушы электронды платформаларды пайдаланып үлгерген. Алайда алғаш рет жүзеге асырған жүйенің кемшіліктері де жоқ емес. Десе де оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар өзгеше оқуға көшкен 4-тоқсанның алғашқы күнін қалай бастады?
Елімізге белгілі ғалым, ағарту саласының үздігі Асқар Жұмаділдаевтың сөзінше алғашқы аптада мұғалім де, ата-ана мен бала да қиналуы мүмкін. Десе де қиыншылықтың артында қуаныш бар. Әлемде барлығы сандық жүйеге ауысып жатқандықтан, қашықтан оқудың берері көп. Сондықтан заман талабына сай өзгеру бүгінгі күннің басты талабы дейді.
«Бүкіл дүние жүзінде мұндай проблема бар. Тіпті Германияның өзін алатын болсаңыз, олар да интернеттің қиыншылығын байқады. Көп жерде компьютер жоғын байқады. Алпауыт ел, технологиясы дамыған. Соның өзінде проблема бар. Демек, ондай проблема бізде де болады. Ондай проблема Америкада, Қытайда бар. Мынау көршілерді қараңыз. Өзбектер көшіп жатыр. Американы айтпай-ақ қояйық. Франция, Еуропаны айтпай-ақ қояйық. Демек, бұл көштен біздің қалып қойғанымыз ұят болады», – деді ҚР ҰҒА академигі Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ.
Ұстаздар қауымы төртінші тоқсан бұрын соңды қолданыста болмаған форматта басталған соң, қобалжу болғанын жасырмайды. Десе де оқудың алғашқы күні-ақ бар қорқыныш сейілген. Ұстаз бен ата-ана, шәкірт бірлесе жұмыс жасаған кезде, олқылықтың орнын тез толтырамыз дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сафура Сейілханқызы.
«Қашықтан оқуды бастадық. Әрине, алғашқы күн болғандықтан, басында қобалжу болғанын жасыра алмаймын. Қазіргі таңда оқушылардың жіберген ақ тілегі, ата-аналардың ақ жарма ұсынысы мен пікірі ұстаздар қауымын шабыттандырып отыр. Әрине, кез келген жаңа бастамада кедергілер болары сөзсіз. Десе де, ата-ана, ұстаз үштігі бірлесе отырып, ынтымақтастықта жұмыс жасап, кез келген кедергіні бірлесе жеңеміз деген ойдамын», – деді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сафура СӘЛІМБАЙҚЫЗЫ.
Оқушылар да қашықтан оқу карантин тәртібін сақтай отырып, үйде білім алуға таптырмас мүмкіндік болды дейді.
«Оқушылар өз кезгінде оқулықтар мен қосымша ізденіс құралдарының көмегімен жаңа сабақты толықтай игеріп, үйге берілген тапсырманы өзіне ыңғайлы форматта орындап, мұғалімдермен жүйелі түрде кері байланыс орнатуға толықтай мүмкіндігі бар. Қашықтан оқу жүйесінің тиімді жағы оқушылар өз бетінше ізденіп, білімдерін өрге қарай шыңдайды. Дей тұрғанмен шәкірттер білім ордасына деген сағынышын жасырмайды. Мектеп табалдырығын аттап ұстаздармен жүздесетін күнді тағатсыздана күтудеміз», – деді 10-сынып оқушысы Өркен ӨСЕРБАЙ.
Ал, ата-аналар болса карантин кезінде балаларының тоқтап қалмай, ілім алып жатқанына қуанып отыр. Айтуынша, үйде телефон мен компьютерге телміріп отырғаннан гөрі сабақ оқып, үй тапсырмасын орындау әлдеқайда жақсы болды дейді.
«Білім министрі мырзаның еңбегі зор. Қалай да болса, білім беруді тоқтатпай, мүмкіндік жасап жатқаны белгілі. Бәріңізден сұрайтыным – біз де өз тарапымыздан ата-аналар болып, қоғам болып ұстаздарымызға қолымыздан келгенше көмектессек», – деді ата-ана Қанат ТҮГЕЛБАЕВ
Талай зобалаңды бастан кешірген, «тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алуды» айтып кеткен бабаларымыздың өсиеті қандай қиын жағдайда да тоқтамаса керек. Ең бастысы әлем арпалысқан індет кезіндегі карантин ережелерін сақтап, үйден шықпасақ, мектеп қабырғасына оралар күн алыс емес.
Қуан Нұрақын, «Алматы» арнасы