3 қазан – ұстаз деген ұлы есімді арақалап жүрген жандардың төл мерекесі. Бұл күн 1965 жылы 29 қыркүйекте Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңес Президумының бұйрығымен қазан айының алғашқы жексенбісіне қойылған болатын, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Ұстаз талантты болса, шәкірт талапты болады». Осындай білім биігіндегі ұстаздардың бірі – Мархабат Жұмабекқызы. №148 мектеп-гимназияның мұғалімі білім беруде баланы сабақтан жалықтырмау үшін 160-тан аса методиканы пайдаланады екен. Бергенінен берері көп ұстаз «Алматы жыл мұғалімі-2021» байқауының мектепішілік және аудандық кезеңдерінде бас жүлдені иеленді.
«Қазір жаңартылған білім мазмұны бойынша оқулықты басшылыққа алмаймыз. Оқулықты қолданамыз, қажетті тапсырмаларды аламыз. Бірақ балаға дайын білімді бере салмай, білімді өздері алуына көп күш жұмсап жатырмыз», – деді №148 мектеп-гимназияның мұғалімі Мархабат Жошыбаева.
Ұлағатты ұстазға оқушылары да ыстық лебізін білдірді.
«Бізге ұрыспайды. Бір нәрсені түсінбей қалсақ, түсіндіріп айтады. Миллионға дейін бөлуді үйретеді», – дейді №148 мектеп-гимназияның 3-сынып оқушысы Айзере Қанат.
«Мархабат апайдың оқушылары бұзық емес. Бұл сыныпта бұзық бала жоқ», – дейді 3-сынып оқушысы Әмірхан Маратұлы.
Алғашқы ұстаз… Алғаш қолыңа қалам ұстатқан адам. Алғаш санаңа білім нәрін сепкен адам. Ол әр адамның жадында сақталатын, бас иіп өтетін ардақты тұлға.
«Әрине, алғашқы ұстазын ешкім ұмытпайды ғой. Менің ұстазым Бағдат апайым болды. Өте көркем мінезді, жақсы ұстаз болды. Ұрысатын жерде ұрысып алатын», – деп алғашқы ұстазын еске алады актер Әсет Найманбаев.
Айта кетсек, жалпы қала бойынша 289 мектепте 30 мыңнан аса ұстаз еңбек етуде. Оларға көрсетілетін құрмет қашанда биік.
Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы