|
20.11.2023 | 21:51
3353

Қазақстанда ауыл мектептеріне интернет қашан тартылады

Пилоттық жоба әзірге 10 оқу ордасында тестілік режимде қойылған

Қазақстанда ауыл мектептеріне интернет қашан тартылады Almaty.tv

Қазақстанда 2000-нан астам ауыл мектебіне «Starlink» кең жолақты интернеті тартылады. Пилоттық жоба әзірге 10 оқу ордасында тестілік режимде қойылған. Шалғай елдімекендердегі білім сапасын арттыруға бағытталған бастама барысын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауылдағы мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасы бұрын-соңды болмаған. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған білім бәйгесіне 11-сынып оқушысы Гүлнұр Атамбай да қатысып жатыр. Ол шұрайлы да, шырайлы қазақ тілінен бар білгенін сарапқа салады. Сайысқа өтінім берген күннен бастап тыңғылықты дайындалдым дейді. Ендігі меже бабы мен бағы қатар шауып, республикаға жолдама алудан үмітті.

– Бұған дейін олимпиадаға қатыстым. Бірақ бұл – ауыл оқушыларына арналған алғашқы байқау. Жетістікке жетуге мүмкіндік деп ойлаймын, – деді Қоянды ауылы №2 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Гүлнұр Атамбай.

Ауыл оқушыларының білімін сарапқа салған сайыс 3 кезеңге бөлінеді. Білім бәйгесінде 9 бен 11-сынып оқушылары 13 пәннен бақ сынайды. Қос кезеңнен сүрінбей өткендері көктемде қорытынды сынға жолдама алады. Олимпиада онлайн платформада жүргізіледі. Әр оқушының жекелей жұмыс істеуі бейнебақылау камерасымен қадағаланады. Талапты бұзған қатысушы жарыстан шеттетілмек.

– Республикалық кезеңге өткен әр баланы біз «Дарынның» жанынан оқу – жаттығу жиындарына шақырамыз. Мақсат – ауылдың балаларын республикалық пән олимпиадасының қорытынды кезеңіне іріктеп дайындау. Оқыту бағдарламасы әртүрлі болғандықтан ауыл балаларының республикалық кезеңге өтуге мүмкіндігі болмайды, – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Қазір республика бойынша 7 700-ден аса мектеп бар. Оның 5 мыңға жуығы ауылды жерде орналасқан. Дала мен қала арасында білім сапасының алшақ екені анық. Сала мәселесін бас мұғалім де атап өтті. Түйткілді шешу үшін алдағы 3 жылға кешенді жоспар әзірленген.

– Үш жыл ішінде ауыл мектептеріндегі инфрақұрылым деңгейін көтеруіміз керек. Тек қала мектептері емес, ауылдағы білім ошақтары да заманауи жабдықтармен қамтылып, жылдам интернет орнатылуы тиіс. Бұл үлкен мәселе болып келген. 2000-нан астам мектепте интернет болмаған. Осы мәселелерді шешу бағытында жұмыстар жасалып жатыр, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев

Бүгін басталған білім бәйгесі көктемге дейін жалғасады. Осы аралықта 85 401 бала оқыған, көңілге тоқығанын көрсетеді. Олимпиадаға ауыл мектептерінің таңдап алынуы тегін емес, қала мен ауылдың білім сапасының алшақтығын жою көзделген.

Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы мектеп асханаларында бақылау күшейтілді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир