Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тіл комитетіне қатысты ұсынысын тіл мамандары қалай қабылдады

29.05.2020 02:55

Президент 2021 жылдан бастап Тіл комитетінің Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өтетіндігін мәлімдеген болатын

almaty.tv

Мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін барынша арттыру қажет. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында осылай деген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан бастап Тіл комитетінің Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өтетіндігін мәлімдеген болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу ісін бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік бере ме? Отырыста бұдан бөлек қандай түйткілдер қаралды? Бұл шешімге тіл мамандары қандай пікір айтты?

«Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізген жөн. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұндай қадам қолданысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді», – деді Қазақстан республикасының президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тіл комитетін Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізу туралы шешім шығаруы еліміздің тіл мамандарын қуантты. Олар соңғы жылдары әліпби, емле мәселелері, тілдік реформаның сәл кешеуілдеп қалуының бір себебі – осы тіл комитетінің білім және ғылым министрлігіне емес, осыған бастан аяқ жауап беретін Мәдениет министрлігіне тиесілі болғандығынан дейді.

«Дәл қазіргі кезде осы мәселені Қасекең өте терең түйсініп жү деген ойдаймыз. Өйткені былтырғы жылдың аяғында тілші ғалымдар осы мәселенің нүктесін қойсын деген бір тапсырма берсін деді. Дәл қазіргі кезде Тіл комитетін Білім және ғылым министрлігіне беру  тапсырмасы ауадай қажетті шешім деп білеміз», – деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы президентінің міндетін атқарушы Ерден ҚАЖЫБЕК.

Одан бөлек, Президент отырыста ғылым кадрларын даярлау үшін оларға жағдай жасау керектігін қадап айтты. Ол үшін ең алдымен, докторантураға бөлінетін гранттардың құнын арттыру керектігіне назар аудартты.

«Докторантураға бөлінетін гранттың құнын арттыру керек. Докторанттардың көбі – отбасылы азаматтар. Олар ғылыммен айналысқан кезеңде негізінен стипендиямен күн көреді. Жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайды. Докторанттардың стипендиясын 150 мың теңгеге дейін көбейту қажет», – деді Қазақстан республикасының президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Мемлекет басшысы өз сөзінде жыл сайын кемінде жүз ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуіне қаржы бөлген жөн деген ой айтты. Бұған еліміздің филологтары оң пікір білдірді.

«Докторантардың 150 мың теңгеге дейін көтеру туралы айтқан пікірі жұрттың үлкен ризалық сезімін тудырды. Докторантурадан кейін де арықарай ізденететін жұмыстардың бағдарына да үлкен қолдау жасау, қаржылай көмек жасау мәселесін айқаны да өте қонымды болды», – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан ТЕБЕГЕНОВ.  

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының жас ғалымдар үшін жыл сайын грант бөлу жөніндегі бастамасын жалғастыру керектігіне ерекше мән берді. Оның алдағы үш жылға арналған жалпы құны 3 миллиард теңге болмақ.

Сая Меңдеке, Ялкунжан Әшімжанов, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» телеарнасы