Қазанның алғашқы жексенбісі – елімізде ұстаздар күні. Жарты ғасырдан астам уақыт тойланып келе жатқан мереке мұғалімдердің беделі мен мәртебесін көтеруге арналған. Өйткені ұстаздық ету – мамандықтардың ең мәртебелісі. Мейрам қарсаңында елімізге танымал азаматтар өзі оқыған оқу ордаларына арнайы барып, ұстаздарына құрмет білдірді, , деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Атақты жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай Ш. Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияға жиі барады. Ол мұнда 1963 жылдан 1966 жылға дейін жоғары сыныптарда оқыған. Бұл оқу орнын оның ұлы да тәмамдап, қазір немересі білім алып жатыр. Жазушы мұғалімдер күні қарсаңында гимназия ұжымын төл мерекесімен құттықтап, білім нәрімен сусындатқандарының арамызда жоқ екенін айтып, көпшілігін терең ықыласпен еске алады.
«Құрметті ұстаздар! Бәріңізді осынау ғажайып мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Біз соңғы жылға дейін мұғалімнің мамандығын оның мәртебесін жөндеп бағалай алмай келдік. Әсіресе биылғы жылдан бастап Қазақстан билігі мұғалімдердің мәртебесін көтеріп жатыр», – деді жазушы, кинодраматург Смағұл ЕЛУБАЙ.
Биыл педагог мәртебесін көтеру туралы жаңалық тек жазушыны ғана емес, еліміздің барлық мұғалімдерін де қуантты. Жаңа қаулыдан 35 жылдық тәжірибесі бар педагог Лариса Жетпісбаева да үлкен үміт күтеді. Өзінің еңбек жолын 19 жасынан бастаған мұғалім соңғы 10 жыл бойы орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.
«Президентіміз осындай жаңалықты айтқанда біз өте қуандық. Өйткені мұғалімнің мәртебесін көтеріп жатыр. Ол аз болса, жалақымызды көбейтуде. Бұл біз үшін өте жағымды жаңалық болды, бәріміз қуандық оған», – дейді Ш.Уәлиханов атындағы № 12 мамандандырылған гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса ЖЕТПІСБАЕВА.
Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернаты да мерекелік іс-шараға қызу дайындалуда.
Мұнда күнделікті өтетін музыкалық сабақтардың бірі болып жатыр. Айта кетелік, мектеп-интернатының түлектері атақты композиторлар мен музыканттар. Олардың көбісі өздерінің мектеп мұғалімдерін жыл сайын төл мерекесімен құттықтауды да ұмытпайды екен.