Өңірде 2025 жылға дейін 21 жайлы мектеп салу жоспарланған
Қызылорда облысында алғашқы «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді. 900 орындық ғимарат Сырдарияның сол жағалауында бой көтерген. Сыр өңіріндегі жағымды жаңалық бұл ғана емес. Мұнда жаңадан салынған заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы да өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қызылорда облысында 2025 жылға дейін 21 жайлы мектеп салу жоспарланған. Бұл – 12 мың 300 оқушы жаңа, жайлы оқу ордасында білім алады деген сөз. Биыл 10 мектептің құрылысы басталса, алғашқысы ел игілігіне ұсынылды.
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыру арқылы аймағымызда апатты және үш бейімделген мәселесі толық шешімін табады. Ал бұл білім ордасының ашылуы аймағымыздың білім саласына, балалар мен ұстаздарға қолдау болмақ", – деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев
Президент пәрменімен ұлттық жоба аясында салынған 900 орындық мектеп пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар мен зертханалар, шеберханалармен қамтылған. Әрбір оқушы үшін арнайы жеке заттары мен оқулықтарын сақтауға арналған шкафтар да орнатылған. Бұл оқушылар арқалаған ауыр сөмкені жеңілдетуге мүмкіндік береді.
"Оқушыларға ыңғайлы болуы үшін трансформер парталар мен ауыз су фонтандары қойылған. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары бар. Мектеп ішінде оқулықтар мен заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылған", – деді оқушы Ибадулла Ербосанов.
Бүгін Сыр өңірінде ел игілігіне берілген нысандар қатарында оқушылар сарайы да бар. 350 орындық заманауи үлгідегі оқушылар сарайын салуға мұнай компаниясы демеушілік жасаған. Өңірде 62 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ондағы үйірмелерге 60 мыңнан астам оқушы қатысады.
"Кілем тоқып жатырмын. Кілем тоқуға қайшы, түрлі-түсті жүннен жасалған жіптер, кілемнің эскизі, станок желі, жіп қажет болады. Бұл кілемді тоқуға 2-3 ай уақыт кетеді. Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан өнерді игеріп, кәсіби бағдар алып, болашақта кілемді ұлттық брендке айналдырып, кәсіп ашқым келеді", – деді оқушы Айша Өмірбек.
"Оқушылар сарайында 51 үйірме, 150 оқушымен қамтылатын болады. Жаңа зертханалық кабинеттер, жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген. Робототехника, IT саласында балаларға мүмкіндік мол", – деді қалалық Оқушылар үйінің директоры Меруерт Әбдіқалықова.
Көпфункционалды кешенде техноорталық, робототехника және өнеркәсіптік дизайн сыныптары, экологиялық зертхана мен жылыжай, телестудия және шығармашылық үйірме сыныптары қамтылған.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне 80 жыл толды