Жаңбыр жауса, пәтер іші көлге айналады: атыраулықтар 2 жыл бұрын алған баспананың сапасына сын айтты

Қала тұрғындарының айтуынша, жобаға 11 млрд теңге бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атыраулықтар құрылысы әлдеқашан бітіп, пайдалануға берілген нысанға наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жарнамасы жер жарған тұрғын үй кешеніне ең кемі 40-60 миллион теңге салған жұрт жер сипап қалғанын айтады. Себебі бизнес санатындағы кешенде халық үшін жағдай жасалмаған. Су мен жарық жиі істен шығады. Жаңбыр жауса, пәтер іші көлге айналады.

«Сапасыз, нашар. Заң бойынша әрбір пәтерде терезе болуы тиіс, бірақ жоқ. Жаңбыр қатты жауды, жоғарыдан су кетті.  Жобаға 11 млрд теңге салынған. Өрт болса, терезе жоқ. Подьез қорқынышты. Кәріз жүйесі қосылмаған», – деді қала тұрғыны Қайша Тілеуғалиева.

«Жобада көрсетілген жұмыстар жүйесіз. Соның кесірінен құбырлар істен шығып жатыр. Апат та болды. Бармаған жеріміз жоқ. Құрылыс компаниясымен де жолықтық. Уәде береді. Бірақ жұмыстың шеті көрінбейді», – деді қала тұрғыны Сергей Горшков.

Екі жыл бұрын тұрғын үй кешенінен баспаналы болған Фатима Қарагөз бағасы сапасына сай емес екенін айтты. Тіпті бірнеше рет апат болғанын да жасырмайды. Ал бір сөніп, бір жанатын жарықтың кесірінен несиеге алған бүкіл техника күйіп кеткен.

 «2023 жылы қоныс аудардық. Көшіп келгеннен кейін бүкіл былықтың беті ашылып жатыр. Бәрі құлап, қирап, бүлінген. Су мен жарық та жиі істен шығады. Баспана өз бағасына татымайды деп нық сеніммен айта аламыз. Бәріміз ипотека төлейміз ғой», – деді қала тұрғыны Фатима Қарагөз.

Күдер үзген бұқара ақыры үйіп төккен уәде орындалмаған соң құрылыс компаниясын сотқа берген. Алайда мердігер мекеме өкілі «барлық жұмысты кестеге сай жүргіздік. Басқа айтарымыз жоқ» дегеннен әрі аспаған.

«Әу баста тұрғындарға бар мәселені айқай-шусыз шешейік дедік, бірақ келіспеді. Біз жасадық, ақау барын білеміз. Жұмыстарды қалыпқа келтіру үшін арнайы график қойдық. Бізді сотқа берді, мәселені сот шешеді. Біз жасауға дайынбыз»,– деді мердігер компанияның өкілі Арман Төкенов.

Құзырлы органдарға арқа сүйеген ағайын әділ шешім күтеді. Өйткені миллиардтап ақша алып, жұмысын дұрыс атқармаған құрылыс компаниясынан әзірге еш қайыр жоқ.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: МӘМС: медициналық мекемеге мемлекет тексеру жүргізе алады

Новости партнеров