Доллар бағамы 489 теңгеге түсті: тұрақтылық сақталып қала ма

18.02.2026 21:25

Доллар бағасы ұзақ уақыттан бері алғаш рет 490 теңгеден төмен түсті. Қазақстан қор биржасындағы күндізгі сауда қорытындысы бойынша бір жасыл қағаздың орташа құны 489 теңгеге құлаған. Дәл осындай көрсеткіш соңғы рет былтыр наурызда тіркелген. Содан кейін ұзақ уақыт АҚШ валютасы 500 теңгенің төңірегінде болды. Ұлттық банк осы тұрақтылықты сақтап қала ала ма? Әлде теңгеміз қайтадан құлдырап кетуі мүмкін бе?

Осы және өзге де сауалдарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы қаржы сарапшысы  Айбар Олжай жауап береді.

- Айбар мырза, кеш жарық! Доллар бағамы кеше 489 теңгеге түсті. Бүгін де осы деңгейде қалыпты. АҚШ валютасының осылай күрт төмендеп кетуіне не түрткі болды?

«Иә, ішкі факторлар көп. Біріншіден, салық аптасына келдік. 2025 жылғы IV тоқсанның салықтары осы аптада төленуде. Оның ішінде көптеген экспортер ірі компаниялар бар. Олар салықты теңгемен төлеу үшін Қазақстанның қор биржасында долларды теңгеге айырбастайды. Сол кезде теңгеге деген сұраныс артады.

Теңгенің белгілі бір позициясы күшейеді. Өйткені, теңгеге деген сұраныс көп. Бірақ  ол қаншалықты тұрақты, ұзақ трендке айналады? Ешқандай кепіл жоқ. Себебі, қайтадан салық аптасы аяқталғаннан кейін теңгенің сұранысы сәл азайып, доллар өзінің позициясын алуы мүмкін. Екіншіден, доллардың әлемдегі қазіргі жағдайы белгісіздік жағдайда тұр. Федералды резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені түсіруі мүмкін. Жаңа басшысы тағайындалады деген болжам бар. Сондықтан белгілі бір дәрежеде алтынның күшейіп, доллардың бағамының әлем бойынша позициясын жоғалтуы тіркеліп жатыр».

 - Алдағы уақытқа болжамыңызды айтсаңыз. Доллар бағамы қанша уақыт осы деңгейде сақталады? Әлде теңгеміз қайтадан құлдырап кетуі мүмкін бе?

«Болжам жасау өнбейтін іс. Себебі, теңге мен доллардың жұбына қатысты көптеген болжамдар мүлде орындалмайды. Бірақ бәрібір белгілі бір трендтер бар. Салық аптасының аяқталады. Менің ойымша, келесі не арғы аптада доллар 500-ден теңгеден асады».

-  Доллар бағамының уақытша болса да төмендеуі Қазақстан үшін қаншалықты тиімді? Әлде тиімсіз тұстары да бар ма?

«Бұл жерде екі канал бар. Біріншісі, тиімдісі – сырттағы инфляцияның біз үшін азаяды. Себебі, біздің импорттық позиция күшеюде. 2025 жылы біздің әлеммен тауар айналымымыз сәл артқаны байқалды. Бірақ оның ішінде импорт көлемі көбейді. Біздің экспортымыз кішкене төмендеген, импортымыз асқан. Осы импорт тұрғысынан алғанда доллар егер тым қымбат болса,  импорт қымбатпен келеді.  Доллар төмендесе, инфляцияны кішкене ауыздықтауға мүмкіндік ашылады. Бірақ екінші канал – біздің макроэкономикалық тұрақтылығым жапа шегеді. Өйткені 2,77 триллион теңгені биыл Ұлттық қордан трансферт ретінде алуымыз керек. Егер доллар тым әлсіз болып, теңге қымбат болса, Ұлттық қордағы долларды жоспардан тыс жаратып қоямыз»

қи отырыңыз: «Almaty Business» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бекітілді