Теңіздегі мереке: Әскери теңізшілер балаларына тосынсый жасады

Almaty.tv
Almaty.tv

Мереке аясында «Менің әкем – батыр» атты республикалық балалар сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай әртекті кемелер дивизионының теңізшілері өз отбасыларын әскери-теңіз базасына шақырды. Олар 300-ден астам қонақты сап түзеп қарсы алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мерекелік бағдарлама Әскери-теңіз күштері шығармашылық ұжымының концертімен басталды. Балалар сүйікті кейіпкерлерінің бейнесіндегі аниматорлармен бірге ойындар мен байқауларға қатысып, ән айтып, би биледі. Олардың шат күлкісі мен қуанышы мерекені ерекше көңіл-күйге бөледі.

Мереке аясында «Менің әкем – батыр» атты республикалық балалар сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қатысушылардың жұмысы Отан күзетінде тұрған әкелеріне деген сүйіспеншілік пен құрметтің шынайы көрінісіне айналды. Жеңімпаздарға әскери-теңіз базасының командирі 1-дәрежелі капитан Есенғали Байботаевтың атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Балалардың есінде ерекше қалған сәттердің бірі – кемемен теңізге шығу болды. Қазақстанның Каспий теңізіндегі секторына «Қазақстан» зымыранды-артиллериялық кемесі мен «Алатау» мина-трал кемесі сапарға шықты. Теңіз серуені барысында балалар қаланың теңіз жақтан көрінетін әсем көрінісін тамашалап, әскери теңізшілер қызметінің ерекшеліктерімен танысты.

"Мен алғаш рет осындай үлкен кемеге мініп, әскери теңізшілермен бірге теңізге шығып тұрмын. Қуанышым мен алған әсерімде шек жоқ. Ата-аналарымызға және мерекені ұйымдастырған барлық азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін. Бұл күн менің есімде мәңгі сақталады", – деді сурет байқауының жеңімпазы Альтаир Тағайбекұлы.

Кемелер тұрақты орналасқан орынға оралғаннан кейін де мереке өз жалғасын тапты. Балаларға арнайы швед үстелі ұйымдастырылып, түрлі дәмді тағамдар ұсынылды. Сондай-ақ оларға тәтті сыйлықтар табысталды. Балалар кемелердің аясында естелік суретке түсті.

Іс-шара әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілген қамқорлық пен құрметтің жарқын үлгісіне айналып, балалардың әскери теңізші мамандығы мен теңіз шебін қорғайтын жауынгерлердің қызметі туралы түсінігін кеңейтті.

Оқи отырыңыз: Балалар жазғы демалыста ұлттық құндылықтарға мән бермек

Новости партнеров