Медеу баспалдағындағы бәсеке: Алматыда халықаралық қатысушылар бас қосты

Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 100, 200 және 500 баспалдақ сатысы бойынша сынға түсті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Медеудегі тағы бір рекорд. Алматыда дәстүрлі бұқаралық спорттық іс-шара  бөгет баспалдағымен жоғары жүгіру жарысы өтті. Дүбірлі додаға 7 жастан асқан 100-ге жуық спорт сүйер қауым қатысып, бағын сынады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«842 баспалдақ. Алматы қаласының тұрғындарын, қонақтарын әрқашан көруге қуаныштымыз. Қырғыз елінен, Ресей, Өзбекстаннан, Алтай әрі қарай Моңғолиядан қатысушыларымыз бар», – деді ұйымдастырушы Сабыр Байзақов.

Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 100, 200 және 500 баспалдақ сатысы бойынша сынға түсті. Ал нағыз мықтылар үшін басты сынақ – 842 сатыны толық бағындырып, плотинаның ең биік шыңына бірінші жету болды. Медеу баспалдағымен жүгіру – Алматының визит картасына айналған ең танымал бұқаралық іс-шаралардың бірі. Жыл сайын жүздеген көрермен мен жанкүйерлердің басын қосатын дода биыл да жоғары деңгейде өтіп, мәре сызығын алғашқы болып кескен жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталды.

«Медеу баспалдағына 4-рет қатысып отырмын. Бірінші орын алған жүлделерім де бар. Жас кезімнен спортпен айналысамын. Жүзуге де барамын. Ұйымдастырушыларға, рақмет, бәрі жақсы, өте қуаныштымын», – деді қатысушы Бақытгүл Төлегенова.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы екі көшеде біржақты қозғалыстың пилоттық жобасы енгізіледі