Қарасор мен Шетпе вокзалдары жөндеуден кейін қайта ашылды

Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Шетпе станциясы арқылы Семей, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Орал бағыттарына қатынайтын 16 жолаушылар пойызы жүреді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Павлодар мен Маңғыстау облыстарындағы Қарасор және Шетпе теміржол стансаларының вокзалдарын жаңғырту жұмысы аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көлік министрлігінің мәліметінше, Маңғыстау облысында Шетпе теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді. Жаңартылған вокзалдың ашылу рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері мен мердігер ұйымның қызметкерлері қатысты.

«Жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан еліміздегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту жөніндегі ауқымды мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылды. Қайта жаңғырту барысында 1967 жылы салынған вокзал ғимараты толықтай жаңартылды. Вокзалдың қабырғасы қайта тұрғызылып, шатыры мен қасбеті ауыстырылды, инженерлік желілер толық жаңартылды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді және вокзал маңы абаттандырылды. Сондай-ақ аумағы 2 100 шаршы метр болатын жаңа жолаушылар платформасы салынды. Заманауи жабын төселіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тактильді жолақтар, навигациялық белгілер мен абаттандыру элементтері орнатылды. Вокзал жаңа жиһазбен және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Құрылыс барысында отандық өндірістің материалдары пайдаланылды», – делінген ведомство хабарламасында.

Жоба нәтижесінде вокзал ғимаратының жалпы ауданы 201 шаршы метрден 1 103 шаршы метрге дейін ұлғайып, бес еседен астам артты. Ал тәуліктік өткізу қабілеті екі есе өсіп, 100 жолаушыдан 200 жолаушыға дейін жетті. Жаңартылған вокзал қауіпсіздік, энергия тиімділігі және кедергісіз орта талаптарына толық сәйкес келеді.

Шетпе станциясы арқылы Семей, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Орал бағыттарына қатынайтын 16 жолаушылар пойызы жүреді. Вокзалды жаңғырту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, күту жағдайларын жақсартуға және тұрғындар мен өңір қонақтары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Павлодар облысында Қарасор станциясының теміржол вокзалын реконструкциялау жұмысы аяқталды. Жаңартылған нысан қауіпсіздік, жайлылық және қолжетімділік бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Бұл жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

«1988 жылы салынған теміржол вокзалы бүгінде заманауи ғимаратқа айналды. Реконструкция аясында нысанның шатыры жөнделіп, қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылды. Сонымен қатар инженерлік желілер, оның ішінде сумен жабдықтау, кәріз, жылу жүйелері, электрмен қамту жүйелері толық жаңғыртылды. Бұдан бөлек іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жолаушылар платформасы жаңартылды. Реконструкция барысында жолаушылардың барлық санаттары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Ғимаратта заманауи желдету және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылды. Кедергісіз ортаны қамтамасыз ету мақсатында пандус, тактильді бағыттау элементтері және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы күту бөлмесі жабдықталды. Сонымен қатар жолаушылар үшін заманауи әрі жайлы күту аймақтары жасалды», – деп жазады Көлік министрлігі.

Қарасор теміржол станциясының вокзалы 3-санатқа жатады. Станция арқылы Астана, Павлодар, Көкшетау, Шымкент және Түркістан бағыттарына қатынайтын 4 жолаушылар пойызы жүреді.

Вокзалды реконструкциялау жұмыстары еліміздің теміржол инфрақұрылымын жаңғырту аясында жүзеге асырылды. Жаңартылған вокзал өңір тұрғындары мен облыс қонақтары үшін жайлы әрі қолайлы болып, заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді.

Оқи отырыңыз: Алматыда алғашқы LRT желісінің құрылысы аясында ескі тіректерді алып тастау жұмыстары басталады