2024 жыл Қазақстан үшін қандай болды

Еліміз биыл көпжақты сыртқы саясатын жүргізуді жалғастырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2024 жыл Қазақстан үшін жаһандық беделін тағы бір айғақтап, бекемдеген жыл болды. Еліміз өңірлік және халықаралық деңгейдегі бірқатар ықпалды ұйымдарға төрағалық етті. Президент бірнеше елге сапарлап, жоғары дәрежеде кездесулер өткізді. Астанаға өзге мемлекет басшылары ат басын бұрды. Инвесторлардың елімізге деген қызығушылығы артты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстан биыл көпжақты сыртқы саясатын жүргізуді жалғастырды. Президенттің қарқынды дипломатиялық қадамдары ойдағыдай іске асып, сапарлары аясында маңызды құжаттарға қол қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу үшін Астанаға бірқатар елдің президенттері келді. Қазақстан 6 халықаралық ұйымға төрағалық етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі және басқа да кездесулер еліміздің халықаралық аренадағы орнын нығайтты. Сарапшылардың айтуынша, бұл – оқиғаларды қазақстандық дипломатияның жетістігі.

"Қазақстан – Орталық Азияда экономикасы мықты ел болып есептелінеді. Еуразиялық континетте инвестиция тартуда көшбасшымыз. Биыл елді орта державалардың қатарына қосты. Оның бәрі – дипломаттардың, сыртқы істер министрінің жұмысы. Болашақта әртүрлі кәсіп ашып немесе экономикамызды дамытатын, түбінде халықтың тұрмысын жақсартады", – деді саясаттанушы Талғат Қалиев

Қазақстанның ішкі саясатында да айтулы оқиғалар болды. Соның бірі – ел тұрғындары атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдумға қатысты. Дауыс беретін күнін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үндеуінде мәлімдеген. Еліміздің дамуының басты бағдарына айналған Жолдауда Президент салық саясатына ерекше тоқталып, жаңа кодексті сапалы әзірлеуді тапсырған.

"Ең үлкен жетістігіміз – Салық кодексі кешеуілдеп келді. Заңның өте күрделі. Оны қабылдауға бір жыл беріп жатыр. Жұмыс тобы аптасына 2 рет жиналады. Оның сыртында қоғамдық палатада бір талқыладық", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін осындай саяси оқиғалармен есте қалады. Келер жылы да Қазақстанның саяси, экономикалық және идеологиялық әлеуеті артары сөзсіз. Ал еліміздің бас қаласы шартараптағы геосаяси ахуал өзгеріп, саяси текетірестер күшейе түскен тұста келіссөздер мен маңызды шешімдер қабылданатын алаң болып қала бермек.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Су есептегіш құралын орнатпаған тұрғындар үшін тариф екі есеге өсті

Новости партнеров