«Қазақстан темір жолы» өкілі Қайсар Жұмабайұлы ата-аналарға ескерту жасады. Ол Жамбыл облысында тоқтап тұрған пойыз вагондарының үстіне шыққан жасөспірім тоққа түсіп көз жұмғанын айтты. Сондай-ақ қайғылы оқиға күні кеше Алматы қаласында да қайталанғаны туралы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Құрметті ата-аналар! Бәріміз бала өсіріп отырғандықтан мына жазбама зер салуларыңызды сұраймын.
Өткен сенбіде және дүйсенбі күні темір жолда екі бірдей қайғылы жағдай болды.
Алдыңғы күні Тараз станциясында 15 жастағы жасөспірім вагонда фотоға түсем деп жүргенде тоқ соғып қаза тапты.
Дәл осындай оқиға Алматы станциясында да қайталанды... Екі бозбала вагонның үстіне шығып видео түсірмек болғанда тоққа түсті...
Арты өлімге әкеп соқтыратын мұндай ауыр жағдайлардан сақтану үшін ата-аналарға арнайы ескерту жасағым келеді», – деп жазды Қайсар Жұмабайұлы.
«Қазақстан темір жолы» өкілінің айтуынша, пойыздың асты қандай қауіпті болса, үсті де сондай қауіпті. Вагондардың төбесінде қуаты 27 000 вольттық электр сымдары тартылғын. Ол сымдарды ұстау былай тұрсын, жақындаған адамды сұлатып түсіреді.
«ҚТЖ мамандары мен полиция қызметкерлері мұндай қауіп-қатердің бар екенін, жалпы теміржол өте қауіпті жер екенін ескертіп-ақ келеді. Өкінішке қарай, ойын баласы ескертуді үнемі қаперге ала бермейді. Сондықтан ата-аналар, мұқият болыңыздаршы», – дейді ол.
Айта кетейік, Таразда болған жантүршігерлік оқиға туралы күні кеше жазған болатынбыз. Белгілі болғандай, көз жұмған жасөспірім – №33 мектептің тоғызыншы сынып оқушысы. Ол бір күн бұрын досымен бірге сыныптасының үйіне қонуға барыпты. Ертесі футбол ойнау үшін үйіне соғып, спорттық киімдерін алмақшы болады. Ал жолды қысқарту үшін оқушылар теміржолды кесіп өткен. Сол кезде шойын жол желісінде тоқтап тұрған пойыз вагонының үстіне мініп, суретке түспек болады. Бірақ байқаусызда тоқ ұрып, жасөспірім оқиға орнында тіл тартпай кеткен.