Алматы қаласында көрнекті қазақстандық математик-ғалым, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР ҰИА президенті, академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Академиясының (ҚР ҰИА) жалпы жиналысының сессиясы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміздің жетекші инженерлері бірлестігінің биылғы қорытынды отырысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Отырыс барысында қатысушылар Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда елдің және инженерлік ғылымның қалыптасуындағы басты рөлі туралы айтып, инженерлік қоғамдастықтың Президенттің
2021 жылғы халыққа Жолдауында белгіленген мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға қатысуының форматы мен ауқымын анықтады.
«Техникалық ғылымдардың, инженерлік істің даму деңгейі – бұл адами капитал сапасының және жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші. Бүгінгі таңда еліміздің тұрақты дамуы мен экономикалық қауіпсіздігі инженерлік қоғамдастыққа байланысты деп айту артық болмас», – деп атап өтті ҚР ҰИА президенті Б.Т. Жұмағұлов.
Сондай-ақ «2021 жылдың үздік инженері» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Осы беделді атаққа Ахметов У.Б. (машина жасау), Вахненко В.В. (атом энергетикасы), Мұсабеков Ж.Б. (металлургия), Штеер Е.В. (тау-кен металлургия саласы), Баймаханова Б.Б. (биотехнология, вирусология) ие болды.
Конкурсқа келесі бағыттар мен салалар бойынша 48 өтінім берілді: материалтану, экология, құрылыс, метроқұрылыс, көмір және тау-кен өнеркәсібі, металлургия, жылу энергетикасы, машина жасау, атом энергетикасы, ақпараттық және компьютерлік технологиялар, ғарыштық техника және технология, биотехнология, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі.