Маңғыстау облысының прокурорлары еңбек құқықтарының көптеп бұзылу фактілерін анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Еңбек жанжалдарының күшеюіне байланысты Маңғыстау облысының прокуратурасы облыстағы бірқатар кәсіпорындардың қызметіне тексеру жүргізген.
6 кәсіпорында өртке қарсы, өнеркәсіптік, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік және басқа да заңнамалар бойынша 587-ден астам кемшілік анықталған.
Тексеріс барысында 412 қызметкерге 34,4 млн тенге өтемақы төленді.
Бірқатар жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, бір кәсіпорынның 137 қызметкері ыстық тамақпен қамтамасыз етілмесе, 5 кәсіпорында 637 бос жұмыс орнының барын жасырған, 63 қызметкердің жұмыс уақыты асыра орындалған.
Прокурор актілері бойынша 541 қызметкерге үстеме жұмыс істегені үшін алғаш рет 63 млн теңге көлемінде үстемеақы берілді.
Сондай-ақ прокурорлар аймақтағы кәсіпорындардың біріндегі жұмысшылардың 51 баласын Щучинск қаласындағы «Балдәурен» лагеріне (алғаш рет жұмыс берушінің есебінен) жіберуге ықпал етті.
Жалпы, тексеру нәтижесі бойынша 39 қадағалау актісі енгізіліп, азаматтардың құқығына әсер ететін басқа да факторларға талдау жүргізіліп жатыр.
2022 жылғы 20 қазанда облыс прокурорының төрағалығымен облыс әкімі мен басқа да мемлекеттік органдар мен ірі мұнай-газ компаниялары басшыларының қатысуымен өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде осы және өзге де фактілер талқыланды.
"Анықталған заңбұзушылықтар кәсіпорын басшыларының жұмысшылардың құқықтарын барынша сақтау қажеттігін мүлде дұрыс түсінбегенін көрсетеді. Біз алдағы уақытта да жұмысшылардың құқықтарын мүлтіксіз сақтауды талап етіп, кәсіпорын басшыларының міндеттемелерді орындауын қадағалайтын боламыз", – деп атап өтті облыс прокуроры Руфат Құттықов.