Әлеуметтік желіде 8 жастағы баланы әкесінің арматурамен ұрғаны туралы видео тарады. Бейнежазбадағы ақпаратқа сәйкес, оңбай таяқ жеген бала қазір Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласындағы ауруханада жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«8 жасар баланы өз әкесі арматурамен ұрып, өлімші халге жеткізген. Анасы да дәл осындай күйде бас сауғалап қашып кеткен. Алматы облыстық ауруханасына түскен бала «Көмектесіңізші!!! Әкемді 20 жылға қамауға бола ма?» деп жалынады. Ертең ауруханадан шықса, оны заң бойынша жалғыз туысы әкесіне ғана береді», – деп жазған журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Фейсбуктегі жеке парақшасында.
Журналист Алматы облыстық Полиция департаментінен, заңгерлерлер мен балалардың құқығын қорғаумен айналысатын өкілдерден көмек сұраған. Баланың өміріне араша түскен Г. Әбіқай мұндай бассыздыққа «отбасылық кикілжің» деп қарамауды сұрайды.
Ал Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған іс бойынша ҚР ҚК 140-бабына сәйкес сот алды тергеу басталғанын жеткізді.