Депутаттар демалысқа кетті. Бүгін қос палатаның бірлескен отырысы өтіп, сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жыл басталысымен елде қос саяси науқан өтті. Алдымен жоғары палата, артынша төменгі палата өкілдері сайланды. Сенат депутаттарын таңдауда аса өзгеріс болмады. Мәжілісте жаңашылдық көп. Бұрынғыша төменгі палатаға үйреншікті 3 партия емес, бұл жолы 6 саяси ұйым өкілдері барды. Осылайша жаңа Парламент жаңа Үкіметті жасақтап берді.
– Бұл жолғы сайланым Қазақстан тарихындағы ең көп партиялы парламент болып қалыптасты. Мәжіліс түрлі көзқарастар мен саяси күштер тоғысқан алаңға айналды. Халық қалаулыларының жаңа толқыны келді. Мәжіліс құрамы ұзақ жылдан бері алғаш рет бір мандатты округтен сайланған шынайы әрі тартысты бәсекеде озып шыққан депутаттармен толықты, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов7
Жаңа парламенттік құрам жұмысын бастағалы 120-дан астам мәселе қаралыпты. Сенат 12, Мәжіліс 15 жалпы отырыс өткізген. Қоғам көкейіндегі түйткілді мәселелер сараланып, әлеумет, экономика сынды түрлі сала сауалдары талданған. Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болды. Оның 25-і қабылданған. 306 депутаттық сауал жолданыпты.
– Бұл шақырылымның ерекшелігі ешбір фракцияға, партияға қатысы жоқ тәуелсіз депутаттар өтті. Олар расында да Парламент жұмысына жаңа серпін берді деп айтуға толық құқығым бар, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.
Жауапкершілік жүктелген 100 күн. Алғаш рет депутат болғандар үшін бұл мерзім тез өте шыққан көрінеді. «Бірінші сессияда айтылмай қалған дүние көп, үлгермедік» дейді біраз депутат. Сондықтан қысқа мерзімдегі жұмысымызды бағалай алмаймыз деп қысылды.
– Бұл шақырылым лезде өтіп қалды. Қысқа болды. 3 ай. Сондықтан баға беріп, басқаға қарағанда дұрыс сұрақ болды деу өте қиын. Шынымен де қанағаттанып отырмыз. Дауысымыз естіле бастады, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаров.
Парламенттік каникул 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Бірақ депутаттар бұл уақыттың бір айын әдеттегідей аймақтарды аралап, халықпен жүздесуге арнап, сосын ғана демалуды жоспарлап отыр.
Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана