Қазақстанда инфляция дәлізінің өзгеруіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақы өседі. Нақтыланған бюджетте оған 111 миллиард теңге қарастырылған. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бюджеттен 4 триллион теңге бөлінген екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 230 миллиард теңгеге артық деді Ералы Тоғжанов. Ол сондай-ақ бюджет саласы мен квазимемлекеттік сектордың 1 млн-нан аса қызметкерінің және мемлекеттен қолдау алатын бизнестің 2,8 млн жұмысшысының жалақысын көтеру ескерілгенін жеткізді.
"Екіншіден, экономиканың барлық салаларында жаңадан ашылатын 2 млн жұмыс орындарының табысын арттыру. Оның ішінде бұрын сырттан әкелінген, өндірісте сұранысқа ие тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа кәсіпорындар құру. Фармацевтика, биотехнология, IT-технология және мұнай-химия саласында шикізаты жоғары – 5-ші және 6-шы деңгейде өңдеуге негізделген өңдеуші өнеркәсіпті дамыту арқылы іске асыралады. Үшіншіден, ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру арқылы кәсіпкерліктен түсетін табысты арттыру», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Премьер-министрдің орынбасары бұдан бөлек, қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан күш құрылымдары қызметкерлерінің отбасына пәтер берілетінін мәлімдеді. Бұл шаруа 25 сәуірге дейін шешіледі деді.
"Қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде күш құрылымдарының 19 қызметкерінен, оның ішінде шекара академиясының үш курсантынан айырылғанымыз баршаға аян. Бүгінде нақты шешім бар, 13 мәселе шешілді, баспанамен қамтамасыз етілді. Қалған алтауына, оның ішінде курсанттарға қатысты өңір әкімдерімен жеке сөйлестім. Мәселе 25 сәуірге дейін шешіледі", - деді ҚР Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.