Шымкентте ИЧ 167/4 қатаң режимдегі әйелдер түрмесінде отырған жазасын өтеуші бұл қылмысқа не үшін барғанын айтып берді. 53 жастағы әйел алғаш рет есірткі сатты деген айыппен 2000 жылы қамалған. Содан бері тағы екі рет сотталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan-ға сілтеме жасап.
Есімін атамауды өтінген әйел есірткі бизнесіне амалсыздан келгенін айтады. Алты жылдай героин сатып, нәпақа тауып келген ол Шамалғандағы әйелдер колониясына түскен. Бес жыл жазасын өтеп шыққан соң қылмыс әлеміне тағы да оралыпты. Араға үш ай салғанда қолына кісен қайта салынады.
"Өзім Ресейдің Омбы облысында дүниеге келдім. Әжемнің қолында тәрбиелендім. Ташкент қаласында өстім. Орал қаласына тұрмысқа шықтым. 32 жасымда алғаш рет түрмеге түстім. Мен есірткіні қолданған емеспін. Оны героинге тәуелділерге сатумен айналыстым. Бес жыл жазамды өтеп шыққан соң есірткі әлеміне қайта оралдым. Себебі қызым науқас еді. Оның емі үшін көп қаражат қажет болды. Амалсыздан бардым. Жолдасыммен азаматтық некеде тұрдық. Ол кісі есірткі қолданғаны үшін қазір жазасын өтеп отыр. Онымен хат алмасып тұрамын", — деді жазасын өтеуші.
Екінші қылмысы дәлелденген әйелге бұл жолы 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Қарағандыдағы абақтыға түскен ол кейін Шымкенттегі қатаң режимдегі түзеу мекемесіне ауыстырылады.
Жазасын өтеушінің балалары енесінің қолында тәрбиеленген. Алайда қазір үш перзенті де бақилық болған.
"Ең ауыры — сен тар қапаста отырғаныңда перзенттеріңнің қайтыс болғанын есту. Өзіңнің өмірге не үшін келгеніңді, балаларыңа не үшін өмір сыйлағыныңды түсінбей, жүрегің қынжылады. Мен қазір өзімнің қылмысым үшін қатты өкінемін. Заң алдында тиісті жазамды өтеп жатырмын. Үш перзентімнен айырылдым. Екеуі сырқаттан, үшіншісі жол апатынан көз жұмды. Мұны жасаған күнәларым үшін Құдайдың маған берген жазасы деп білемін", — деді ол.
53-тегі әйел түзеу мекемесінде жатып та қайта қылмыс жасайды. Тағы да есірткі бизнесі. Бұл жолы оның сыбайласы бостандықтағы құрбысы болған. Ол героинді кімнен, қайда жеткізу керектігін түрмедегі әйелдің кеңесімен жүзеге асырыпты.
Бұл жолы оның екеуіне де 11 жыл, 6 айға қатаң режимдегі түзеу мекемесінде жазасын өтеу мерзімі беріледі. Ғұмырының 21 жылын темір торда өткізген әйел жақын күндері шартты түрде бостандыққа шықпақ.
"Есірткі сатып, баласы осы жолға түсіп кеткен талай ананың қарғысын алған шығармын. Адамның көз жасы деген жібермейді ғой. Төрт қабырғада қамауда жатып, оның бәрін түсіндім. Шымкенттегі ИЧ 167/4 әйелдер түрмесі менің өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Осында жатып, тігінші мамандығы бойынша білім алдым. Қолымда дипломым бар. Бұл абақтының басшылығына, барлық қызметкеріне ерекше алғысымды білдірер едім. Мен секілді өмірден түңілген, тығырыққа тірелген талай жанға моральдық тұрғыда қолдау көрсетті. Мен енді өзгеремін..." — деп ағынан жарылды жазасын өтеуші.