Көкшетауда 32 жастағы ана тумысынан мүгедек 8 жасар баласын көгала қойдай етіп сабап келген. Денесінің сау жері қалмаған 3 сынып оқушысы анасының озбырлығы жайлы ешкімге жақ ашып айтпаған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Ерні жырылып, тісі сынып келген оқушысының жағдайына сынып жетекшісі бей-жай қарай алмаған.
«Осыны көре тұра үнсіз қала алмадым. Мектеп инспекторы мен мейірбекеге апарып денесін көргенде шошып кеттік. Сау жері жоқ, әбден көгерген. Алғашқыда бала «құлап қалдым» деді. Кейіннен анасының ұрғанын айтты. Масқара ғой, балақайдың денесінде жазылып келе жатқан бұрынғы жарақат іздері де бар», - дейді балақайдың мұғалімі Сара Мейрамова.
Туылғаннан демікпе ауруына шалдыққан оқушыға дәрігерлер 16 жасқа дейін мүгедектік тағайындаған. Ауруы мен анасының сабауы жанына батса да, оқушы сабақтан қалмай, тапсырмаларды мүлтіксіз орындап келген.
Ювеналдық полиция тексергенде бұған дейін де балаға анасының талай қол көтергенін анықтапты. Енді арнайы комиссия құрылып, баланы анасынан тартып алу жөнінде шешімге келген. Алайда келіншек 4 баласынан тірісінде айырылмақ емес.
«Мені өлтіріп қана балаларымды ала алады. Бермеймін ешкімге! Ұлым кереуеттен құлаған. Бір рет тіл алмағанда ұрдым. Әйтпесе, ұрмаймын. Балаларым қаңғырып, көшеде қайыр сұрап жүрген жоқ. Нанымыз болмай қалса да, өзіміз тауып жейміз. Ешкімнен ештеңе сұрап жатқаным жоқ», - дейді баланың анасы Сәния Ахметжанова.
Айта кетейік, Сәния осыған дейін балабақшада аспаз болып жұмыс істеген. Қазір үйінде екі жасар мүгедек ұлына қарап отыр.
Полиция бұл әйелге қатысты «кәмелетке жасы толмағанды ұрып-соғу» бабымен қылмыстық іс қозғаған. Төрт балалы әйелдің кінәсі дәлелденсе, 3 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.