Марқұм болған өрт сөндіруші Асқар Зәбикулин мен зардап шеккен Аян Кемпіровтің отбасына ипотека мен несие қарыздарын өтеуге көмек көрсетілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Астана әкімдігі қаза болған құтқарушы Асқар Зәбикулиннің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Асқардың артында екі кішкентай баласы қалды. Өздеріңіз білетіндей, Асқар Забикулиннің жұбайына үш бөлмелі пәтердің сертификаты тапсырылды. Жаңа баспана Есіл ауданындағы жаңа тұрғын үй кешенінде орналасқан. Бұл пәтер Асқардың отбасына жекеменшікке, әрленген күйде әрі жиһазымен бірге беріледі. Қазір құжаттарын рәсімдеу жұмысы жүріп жатыр.
Ал құтқарушы Аян Кемпіровтің отбасына көмек ретінде ипотекасы жабылды. Оның сомасы 24 миллион теңгені құрайды. Сол сияқты Асқар Забикулин мен Аян Кемпіровтің отбасыларына тиесілі 6 миллион теңгенің несиесі өтелді", - деп мәлімдеді Ақмарал Олжабаева.
Еске салайық, Астанадағы тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде үш адамды құтқарған Асқар Забикулинге бұған дейін Мемлекет басшысының атынан ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин мен елорда әкімі Алтай Көлгінов үш бөлмелі пәтердің сертификатын табыстаған болатын.
Ал ол 20 қарашада дүниеден өткен. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін қанша тырысқанымен, демі ауруханада үзілді.