Бүгін – Ұлыстың ұлы күні

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Бүкілхалықтық әз-Наурыз мейрамын түркі халықтары ежелден тойлап келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы! Тұтас түркі халықтарының ортақ мейрамын халқымыз ежелден тойлап келеді. Наурыз Қазақстандағы бүкіл ұлт пен ұлыстың сағына күтетін ортақ мерекесіне айналды. Көктем мейрамы жыл сайын жаңа мазмұнмен, сән-салтанатымен түрлене бастады.

Табиғат-ана бусанып, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін қасиетті Наурыз мейрамын ғаламшардағы 300 миллионнан астам адам тойлайды. Ұлыстың ұлы күні адамзат атаулының құнды мұрасы ретінде 2009 жылдың 30 қыркүйегінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілгені белгілі. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы 2010 жылы Наурыз мерекесін – халықаралық күн ретінде жариялады. Сондықтан жыл сайын осынау ұлы күнді түркі халықтары ғана емес, әлемнің көптеген елдері үлкен қуанышпен қарсы алып, ыстық ықыласпен мерекелейтіні тегін болмаса керек.

Наурыз – бүкілхалықтық мейрам. Ұлыс күнін жаңа жылдың бастауы ретінде 3 мың жылдан бері Балқан түбегі, Қара теңіз аймағы, Кавказ елдері, Орталық Азия және Таяу Шығыс өңірін мекен еткен миллиондаған адам тойлап келеді. Соның сыртында Қазақстанның өзге мемлекеттердегі елшіліктері де мерекенің абыройын асқақтатып, лайықты деңгейде атап өтуді үрдіске айналдырды. Мәселен, Мысыр астанасы Каирде Қазақстан елшілігінің ғимаратында Наурыз мерекесі тойланып, оған елшіліктен басқа, әл-Азһар университетінің ұжымы белсене атсалысқан. Мерекеге жергілікті жерде тұратын қазақтар белсене қатысып, мереке көрігін қыздырған.

Дереккөз: egemen.kz


Новости партнеров