Түркістан облысындағы Кентау қаласына қарасты Бабай Қорған ауылдық округінің тұрғындары әкімнің көзінше бір-біріне жұдырық жұмсады.
Жанжалға шенеуніктердің шала жұмысы себеп болды. Халық 2017 жылдан бері осы ауылды көркейту үшін бөлінген 267 миллион теңгені түгендеуден шаршаған. Әлекке түскен ауылдықтар қала әкімін кездесуге шақырды.
Бюджет қаражаты жұмсалған 9 нысаның бірі – Бабай-Қорған мен Қисық- Шоқпар елді мекенін қосатын Жаңақорған өзенінің үстіндегі шағын көпір. Жөнделді деген аты болмаса, жыл өтпей жатып сыр берген.
«Осы көпірге 26 миллион теңге бөлінген. Жұмсалғаны 6,5 миллион теңге. Қалғаны қайда? Біз маман шақырып, есептеттік. Арыз жаздық, жауап беретін ешкім жоқ», - дейді ауыл тұрғыны Ж. Бижанов.
«Ақтөбе» каналының үстіне салынған екінші көпірдің де жағдайы сын көтермейді. Бұл көпір көктемнің тасқын суына төтеп бере алмайды, есесіне қатынас қиындайды деп қауіптенеді тұрғындар.
Апатты көпірден бастап, ауылдың барлық мәселесін тізіп шыққан ағайын Шорнақ және Бабай-Қорған арасындағы жолдың да жарытпай тұрғанын қосты. Сапасыздығынан, аз уақытың ішінде 6 кісі көз жұмған дейді.
Халық әбден ашуға булыққан. Тіпті, бірін-бірі тыңдамай, бас-басына қожа болғаны көрініп-ақ тұрды. Ол аздай қала әкімнің сөзіне құлақ аспай, бір-біріне жұдырық жұмсады, деп хабарлады otyrar.kz.
«Мен бұл мәселенің бәрін білемін. Құқық қорғау органдарына тапсырылған. Енді кепілдік мерзімдерін көреміз. Мүмкіндігінше келеңсіздікті жоюға тырысамыз», - деп уәде берді Кентау қаласының әкімі Ғани Рысбеков.
Ауылдықтарды бірлікке шақырған қала әкімі барлық талап-тілектерін заң шеңберінде қарайтынын жеткізді. Кінәлілер жазасыз қалмайды деп сендірді.