Павлодар облысы Екібастұз қаласына елордадан ондаған көпбалалы отбасы көшіп барды. Қазір олар Nurly Ertis бағдарламасы бойынша үш бөлмелі және екі бөлмелі пәтерлерде тұрып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Нұр-Сұлтан әкімдігіне сілтеме жасап.
«Nurly Ertis бағдарламасы аясында астаналық 35 көпбалалы отбасы Екібастұзға көшіп барды. Бұл отбасылар осыдан бірнеше жыл бұрын республиканың түрлі аймағынан елордаға көшіп келген болатын», - дейді Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.
Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімет бергендей, көпбалалы отбасыларға Павлодар облысының әкімдігі 3 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Көшіп барған азаматтарды әкімдік жұмысқа тұрғызып, балаларын тегін балабақшаға, мектепке орналастырады.
Олар қажетті барлық әлеуметтік қолдаумен қамтылатын болады деп Жүргенбаева жаңа қоныс иелерін құттықтады.