Алматыдағы Республика сарайында қала әкімі Бауыржан Байбектің тұрғындармен есептік кездесуі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әкім Алматы қаласының жай-күйі әрқашанда ерекше бақылауда болатынын айта келе, қаланың әлеуметітк жағдайына тоқталып өтті.
«Табысы төмен көпбалалы отбасылардың жағдайы күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Қазір әлеуметтік жіктелу мен табыстың төмендігі әлемнің көптеген елдеріне тән ахуал екені белгілі. Жер шарының түкпір-түкпірінде жұмыс орындары қысқарып жатыр, БҰҰ мәліметі бойынша, 1 млрд-тан астам адам кедейшілікте өмір сүруде. Оның басты себептерінің қатарында бей-берекет көші-қон мен жұмыссыздықты, салықтың көбеюін, жалпы қаржылық дағдарысты атауға болады. Кейбір елдерде қартаю деңгейі жоғары болса, басқа елдерде керісінше, бала туудың көптігі де өз әсерін тигізуде. Тыныш жатқан Еуропаны популистік урандарды жалаулатқан наразылық акциялары шарпыды. Жалпы, қоғамның әлеуметтік сұранысы артуда, бұл дүниежүзінде болып жатқан үрдіс және ол Қазақстанға ықпал етпей қоймайды. Бұл әсіресе, өмір сүру сапасы жоғары ірі қалаларға тән. Еуропаны шарпыған наразылық шаралары экономиканың құлдырауына әсер ететіні бар. Елдің шырқы кетіп, мемлекеттер өз міндеттерін орындау қабілетін жоғалтып отырғанын көріп отырмыз. Наразылық шаралары мәселені шешпейді, керісінше ұшықтыра түседі. Сондықтан барлық мәселелі сұрақтарды ынтымақтаса отырып, салиқалы түрде шешуіміз керек»,- деді ол.
Жиынға премьер-министрдің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Ерболат Досаев, Білім және ғылым министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда.