Медеу мұз айдынында қысқы маусым ашылды

Медеу мұз айдынында қысқы маусым ашылды
Кіру құны: ересектерге 1800 теңге, студенттер мен зейнеткерлерге 50 пайыз жеңілдік, ал, балалар билеті - 450 теңге
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Осы уақытқа дейін көптің көкейінде жүрген бірнеше проблема биыл шешілген. Соның бірі ұзын сонар кезек мәселесі. Енді мұнда келушілердің онлайн билет сатып алуына немесе оңай картасы арқылы төлеуге мүмкіндігі бар. Мұз сапасы да жақсарған. Тек қана Алматының емес бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналған Медеу мұз айдыны барша қала тұрғындары мен қонақтарына есігін айқара ашты. Мұнда биыл жаңалықтар өте көп. Мұздың сапасынан бастап төлем кассаларына дейін тың жаңалықтар бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Рекордтар фабрикасы аталып кеткен Медеуде биыл мұз сапасына көп көңіл бөлінген. Жұмыс күндері екі сеанс болса, демалыс күндері үш сеансқа дейін ұзартылған. Бұл мұзға түсетін ауыртпалықты азайтуға және оны дайындауға мүмкіндік береді. Одан өзге конькилердің де саны 3500-ге дейін артқан. Енді келушілер өз қалауына қарай конькидің бірнеше түрінен ұнағанын таңдап ала алады.      

«Бізде коньки үш түрге бөлінеді. Ерлердікі 3 түрге, қыздардікі 2 түрге бөлінеді. Ерлердікі хоккейге арналған, ол фишер деп аталады. Бұл жіңішке аяқтарға арналған. Мықты болады. Ал, Лидер биыл келді, жаңа коньки. Өте ыңғайлы аяққа жұмсақ, жылы болады бұлар. Сондай-ақ ол қайралған. Ал, қыздардікі пішінді. Оның екі түрі бар: темпиш, фишер», – деді кассир Мағжан МҰХАМЕТБАЕВ.

Тамылжыған табиғатымен ерекшеленетін таудың таза ауасына оранған айдынға келушілер енді ұзын сонар кезекте тұрмайды. Кіру құнымен және конькилерді жалға алу билеттерін онлайн алуға болады.

Баға саясаты өткен жылғыдай өзгеріссіз қалған. Ересектерге 1800 теңге болса, студенттер мен зейнеткерлерге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Ал, балалар билетті 450 теңгеге сатып ала алады.      

«Біз биыл алғаш рет билетті онлайн сату жүйесін іске қостық. Бұл осы уақытқа дейін Медеудің басты проблемасы болған кезек мәселесін шешеді деген ойдамыз. Енді келушілер үінде отырып немесе жолда келе жатып билетті сатып ала алады. Және тағы қуанышты хабар оңай төлем картасы арқылы кассаға бармай-ақ, коньки беретін терезелерде төлеуге мүмкіндік бар», – деді «Медеу» мұз айдынының директоры Наиль НҰРОВ.

Теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан бұл кешеннің ашылуын асыға күткендер өте көп. Бірінші күннің өзінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін "Медеуге" келіп, сағыныштарын басты.   

«Көңіл-күйіміз тамаша. Біздің үйдің қасындағы табиғаты тамаша мұз айдынымыз. Әрқашанда осындай халыққа ашық болсын, жаңалықпен биылғы сияқты», – деді бір тұрғын.    

«Осы уақытқа дейін тағатсыздана күттік. Бүгін ашылуына келіп, сырғанап, көңіл күйді көтеруге демалыс күндері осында келіп тұрамын», - деді келесі бірі.

«Көңіл күй керемет. Ауа-райы да тамаша», - деді үшінші бірі.

Биыл нысанның іші де жаңартылып, кеңейтілген. Конькилерді қайрау мен тамақтану бөлек залда орналасқан. Сондай-ақ, коньки беретін терезелер саны да артқан.  

Арнат Дүйсен, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров