Алматыда «Шымбұлақ» тау- шаңғы кешенінің кезекті маусымы ашылды. Оған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев да қатысты. Биыл Алатаудың баурайында орналасқан демалыс орнында жабдықтар жаңартылып, 3000-нан астам тау шаңғылары сатып алынды. Қазіргі таңда түрлі деңгейдегі 25 шақырым трасса сырғанауға дайын тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еске сала кетейік, былтыр «Шымбұлақ» кешеніне шамамен 682 мың қонақ келіпті. Ал келуші туристердің саны 15 пайызға артқан.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне қарасты орталық спорттық клубындағы тау шаңғы базасына және Бутаковка шатқалына барды. Онда жаяу туризмді дамыту үшін тау жолдары желісін құрып, шаңғы мектебін дамытуға мүмкіндік бар. Әзірге қолданыстағы алаңдарды абаттандырудан бастап, тау өзендері арқылы көпір салу, демалыс орындары мен санитарлық алаңдарды ретке келтіру қажет. Бизнес тараптары қолда бар инфрақұрылымды жаңарту үшін атсалысуға дайын. Басты мақсат - тауда демалу үшін қолайлы жағдай жасау.