13 шілдеде республиканың барлық өңірінде Құран Хатым дұғасы жасалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
13 шілде – Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандарды ұлттық аза тұту күні. Осыған орай ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен республикалық, облыстық мешіттерде және медреселерде, қарилар даярлау орталықтарында 100 Құран Хатым оқылуда.
«13 шілде күні елорда уақытымен сағат 13:00-де осы күндері қариларымыз оқып жатқан Құран Хатымның дұғасы жасалады», – деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты.
Бас мүфтидің қатысуымен «Әзірет Сұлтан» мешітінде жасалатын Құран Хатым дұғасына діни басқарманың Instagram-дағы ресми парақшасы мен YouTube каналы арқылы онлайн қосылуға болады.
ҚМДБ барша мұсылман қауымын осы күндері шама келгенше Құран оқып, Алланы зікір етіп, кешірім тілеп және Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеп салауат айтып, республика имамдарымен, қариларымен 13 шілде күні бір мезетте ел амандығы үшін дұға жасауға шақырды.
Ұлттық аза тұту күні
Мемлекет басшысы 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Осыған байланысты бүгін елде мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, ойын-сауық шаралары тоқтатылды, телерадио хабарларын тарату желісі өзгертілді.
COVID-19 індетінен көз жұмған қазақстандықтарды еске алу үшін сағат 12:00-де бір минуттық үнсіздік жарияланады.