«Әйгерім» балабақшасы мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«2022 жылы әкімдік 3 балабақшада (№114, 116, 141) сейсмикалық күшейту жұмыстарымен бірге күрделі жөндеу жүргізді. Осы жылы 2 балабақшада – «Әйгерім» және №112 балабақшаларда күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Ұзақ мерзімге жалға берілген «Әйгерім» балабақшасы мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазір балабақшаның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр, аяқталу мерзімі – 2023 жылдың мамыр айы. №112 балабақша бойынша сараптама қорытындысы алынды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары осы жылдың мамыр айында басталады. Биыл «Алатау» шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашу жоспарлануда. Кешен қазан айында пайдалануға берілуі керек еді, алайда жобадағы өзгерістерге байланысты мерзімдері ұзартылды. Қазіргі уақытта кешеннің 90%-ы дайын», - деді қала әкімі.