|
15.01.2019 | 16:43
5090

Алматыдағы үш көшеде шекті жылдамдық 60 км/с дейін төмендетілді

Әл-Фараби, Саин, Шығыс айналма жолындағы жылдамдық режімін сақтамағандарға ескерту жасалады

 Алматыдағы үш көшеде шекті жылдамдық 60 км/с дейін төмендетілді

Ертеңнен бастап Алматының әл-Фараби даңғылында, Шығыс айналма жолы мен Саин көшелерінде жылдамдыққа шектеу қойылады. Жүргізушілер жылдамдықты сағатына 60 шақырымнан асыратын болса, бірден айыппұл жазылады.

Полицейлер бүгін кешке дейін қаладағы барлық камералардың жүйесін өзгертеді. Ал ертеңнен бастап маңызды тораптарда сағатына 80 шақырымдық жылдамдық түбегейлі жойылады. Демек, жүргізушілерге мұқият болып, ережеге бағынуға тура келеді. Сақшылар мұндай шараны тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қолға алып отыр екен. Өйткені, қалада соңғы жылдары адам өлімімен аяқталатын жол апаты жиілеп кеткен.

«Алматы қаласында былтырғы жылы 4500 жол-көлік апаты орын алса, соның салдарынан, 4800 адам жарақат алып, 121 адам қаза болған. Олардың 85 пайызына дейін жылдамдықты асыра пайдалану салдарынан орын алған жол апаттарының құрбаны. Айқындалған құқықбұзушылықтарды талдау кезінде ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтың түрі – жылдамдықты асыра пайдалану», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Бұдан өзге, бүгіннен бастап «Жолақ» камералары арқылы да ережені елемейтін жүргізушілерге айыппұл салу басталды. Осы күнге дейін тестілік режимде жұмыс істеген бейнетіркегіш кешені толық жұмыс жүйесіне көшіпті. Енді кептелістен қашып, автобус жолағына түсіп жүйткитін жүргізушілерге сақшылар бірден айыппұл жолдайды. Ал қос бекет аралығындағы көліктердің орташа жылдамдығын есептейін жүйе, жұмысын сынақ түрінде жалғастыра береді.

«Бұл негізі бірінші желтоқсаннан бастап техника жағынан қосылған. Бірақ толығымен іске қосылған жоқ. Қосылған сәтте азаматтарды бірер күн бұрын хабардар ететін боламыз. Ол да болса жүргізушілерді тәртіпке шақырудың бір амалы», – деді Салтанат ӘЗІРБЕК.



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир