|
22.07.2024 | 17:31
199

Атырау облысында өзенге ағып кеткен екінші баланың мәйіті табылды

Балалар 2010 және 2011 жылы туған

Атырау облысында өзенге ағып кеткен екінші баланың мәйіті табылды elements.envato.com

Атырауда бір үйдің екі баласы суға кетіп, көз жұмды. Қыршын кеткен қос бала бір-біріне туысқан болып шықты. 13,14 жастағы жеткіншектердің денесін сүңгуірлер Жайық өзенінен алып шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайғылы жағдай 20 шілдеде қала маңындағы Көкарна елдімекенінің тұсында болған. 13 және 14 жастағы ағайындылар рұқсат етілмеген жерде шомылған. Құтқарушылар 14 жастағы жасөспірімнің денесін сол күні кешкі сағат 19:00-де 4,5 метр тереңдіктен шығарған. Ал екінші бозбаланың мүрдесі бір тәуліктен кейін ғана табылды. Мамандардың айтуынша, балалардың денесін табуда біраз қиындық болған.

– Ол жерде жұмыс жасау өте қиын. Себебі су қайтуына байланысты өзеннің ағысы қатты. Екінші күні баланың денесін таба алмадық. Құтқарушылар жеткілікті, техника бар, жергілікті тұрғындар көмектесіп жатыр, – деді құтқарушы Есбол Дарғожин.

Қазір балалардың өмірін қиған аумақ жабық тұр. Қайғылы жағдай болған орында шомылуға рұқсат етілмеген. Төтеншеліктер тәртіп бұзылатын жерлерді жиі тексеруге көшкен. «Суға түсуге болмайтынын үнемі ескертіп отырсақ та, апат қайталана берді» деген мамандар азаматтарға айыппұл салынса да, ескертуге құлақ аспайтындар көп екенін айтты.

– Жағажайлар ашылған жоқ. Сол себепті, суға түспеуді сұраймыз. Сонымен қатар көктемдегі су тасқынынан кейін, Жайықтың деңгейі әлі де қауіпсіз деңгейге түскен жоқ. Ағыс қатты, сол себепті тұрғындардың өміріне қауіп төндіреді. Құқықбұзушылық кодекске сәйкес 412-баппен 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде хаттама толтырылады, – деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Ардақ Утенов.

Айта кетейік, биыл өңірде 10 адам суға кеткен. Көз жұмғандардың дені – балалар.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы




Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында қойшы ауылда әйелін өлтірген күдікті ұсталды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир